
Volkswagen ID.4 мен ID.5-тің орнына ID. Tiguan шығарды
Германияда алдын ала тапсырыс 13 қазанда 42 695 еуродан басталады, ал нарыққа көлік 2027 жылдың басында шығады.
Фото: Volkswagen
Volkswagen 9 қазанда Вольфсбургте ID. Tiguan электр кроссоверін таныстырды. Ол бірден екі модельдің, ID.4 пен ID.5-тің орнын басады. WLTP циклі бойынша жүріс қоры 600 шақырымға дейін жетеді. Компания электромобильге әлемде ең көп сатылатын моделінің атын берді. Бензин, дизель және гибрид қозғалтқышты Tiguan сатылымда қала береді.
«Tiguan — әлемде ең көп сатылатын моделіміз, ал ID.4 пен ID.5 ең табысты электромобильдеріміздің қатарында», — деді Volkswagen брендінің басшысы Томас Шефер. Компания дерегінше, екі алдыңғы модель жалпы 950 мыңнан астам дана шығарылған.
Қозғалтқыш пен батарея
ID. Tiguan үш нұсқада ұсынылады. Толық жетекті нұсқадан басқасының бәрі артқы дөңгелектен жүреді:
- 140 кВт (190 а. к.), 58 кВт·сағ батарея, артқы жетек, тіркеме 1800 кг-ға дейін;
- 210 кВт (286 а. к.), 77 кВт·сағ батарея, артқы жетек, тіркеме 2000 кг-ға дейін;
- 220 кВт (299 а. к.), 77 кВт·сағ батарея, 4MOTION толық жетегі, тіркеме 2000 кг-ға дейін.
Әр нұсқаның жүріс қорын Volkswagen әзірге жарияламады, тек 600 шақырымдық ең жоғары межені атады. Ең қуатты нұсқа 100 шақырымға 15,7–17,2 кВт·сағ жұмсайды.

Салон мен түймелер
Көлік бес орындық. Жүксалғышқа 534 литрге дейін жүк сыяды, капот астында тағы 32 литр орын бар. Жүргізушінің алдында 10 дюймдік аспаптар тақтасы, ортада 15 дюймдік мультимедиа экраны тұр.
Еуропалық Volkswagen-де алғаш рет жолаушыға 12 дюймдік жеке дисплей орнатылды. Жүргізуші оны көрмейді, ал дыбысты Bluetooth құлаққапқа қосуға болады. Салонға физикалық түймелер оралды: климатқа бөлек блок берілді, рульдегі сенсорлы пернелер кәдімгі түймеге ауысты.
Базалық жиынтықта бір педальмен жүру режимі мен Connected Travel Assist көмекшісі бар. Ол автомагистральда жолақты өзі ауыстырады және қызыл шамда көлікті тоқтатады. Қосымша ақыға алдыңғы орындықтарды желдету мен массаж, 480 Вт-тық Harman Kardon аудиожүйесі және панорамалық төбе ұсынылады.

Бағасы мен мерзімі
Германия мен Еуропаның көптеген елінде алдын ала тапсырыс 13 қазанда ашылады, бағасы 42 695 еуродан басталады. ID. Tiguan нарыққа 2027 жылдың басында шығады. Оны Эмдендегі зауытта құрастырады.
Премьера ЕО-дағы экология ережелері төңірегіндегі тартыспен тұспа-тұс келді: Германия мен Франция автоөндірушілерге арналған CO2 мақсатын жұмсартуды талап етіп отыр. ID. Tiguan-ның Қазақстанға келетіні туралы ресми хабарланған жоқ.
Дереккөздер: Volkswagen — ID. Tiguan-ның әлемдік премьерасы, Volkswagen — ID. Tiguan ID.4 пен ID.5-ті алмастырады



