
Toyota 1,5 литрлік жаңа мотормен үнемді гибрид жасады
Жаңа жүйе жанармайды 15%-дан астам аз жұмсауы керек, ал оны электромобильдер мен плагин-гибридтерге ортақ платформаға орнатады.
Фото: Toyota
Toyota Motor Europe 28 қазанда Toyota жаңа буын гибридті күш қондырғысын әзірлегенін хабарлады. Оның негізінде мүлде жаңа, көлемі 1,5 литр төрт цилиндрлі мотор тұр. Компания жанармай шығынын 15%-дан астам азайтуды көздейді. Жаңа гибрид әмбебап платформаға орнатылады, ал онда кәдімгі гибридті де, плагин-гибридті де, электромобильді де құрастыруға болады.
Мотор қандай
Toyota жаңалықты атмосфералық және турбо нұсқасы бар 1,5 литрлік қатарлы төрт цилиндрлі қозғалтқыштар отбасы деп атайды. Бұл ескі агрегатты жетілдіру емес. Моторды, гибридті бөлікті және күштік электрониканы бір жүйе ретінде бірге жобалаған. Электрлендіруді де басынан ескерген.
Атмосфералық нұсқа Toyota гибридтеріндегі қазіргі екі моторды бірдей алмастырады: 1,8 литрлікті және үш цилиндрлі 1.5-ті. Электр қозғалтқыштары, инверторлар мен басқару блоктары жеңілдеп, ықшамдалды. Оларды бір-бірімен тығыз байланыстырды, сондықтан бүкіл жүйедегі энергия шығыны азаяды.
Toyota 15%-дан астам үнемді мотордағы үйкелістің азаюымен, температураның жақсы реттелуімен, электр шығынының төмендеуімен және аэродинамикалық кедергінің кемуімен түсіндіреді. Қуатын, айналдыру моментін және 100 шақырымға шаққандағы шығынын компания әзірге жарияламады.

Үш түрлі көлікке бір платформа
Гибридті қондырғы бұрынғысынан әлдеқайда кішірейді. Сондықтан мотор бөлігін ықшам, ал капотты аласа етуге болады. Осының арқасында гибрид пен плагин-гибрид электромобильмен бір архитектураға сыйды. Toyota-ның айтуынша, бұл көліктің сұлбасына, салондағы орынға және мүмкіндіктеріне әсер етпейді.
Зауыттар үшін бұл икемділік береді. Бір платформада гибрид, плагин-гибрид және электромобиль үлесін нақты сұранысқа қарай тез өзгертуге болады. Жүйені жаңартылатын және көміртегі бейтарап отынмен жұмыс істеуге де дайындап жатыр.
Қашан және қайда
Toyota релизде нақты модельдер мен мерзімді атаған жоқ. Германиялық SP-X агенттігінің жазуынша, гибридтердің жаңа буыны 2027 жылы шығады, ал оны алғашқылардың бірі болып сол жылы күтілетін келесі Corolla алады. Мұндай көліктердің Қазақстанға келетіні туралы ресми түрде хабарланған жоқ.
Toyota алдағы жылдары жаңа моторлары мен гибридтік технологияларын басқа өндірушілерге белсендірек сатпақ. Компания моторларын басқа маркаларға сату жоспарын бұған дейін де айтқан.
Дереккөздер: Toyota Motor Europe — жаңа буын гибриді және әмбебап платформа, All About Industries (SP-X) — мерзімі мен алғашқы модельдер



