
Сайттар ЖИ-ді өз мәтінімен оқытуға тыйым сала алады
Microsoft жаңа тыйымды 2027 жылғы 1 ақпаннан ескере бастайды, ал Google мұны келесі жылы ғана жасамақ.
Фото: Unsplash
Google, Microsoft, Anthropic және OpenAI 30 қазанда ортақ белгіні қолдайтынын хабарлады. Оның көмегімен сайт өз мәтіндерін генеративтік модельдерді оқытуға пайдалануға тыйым сала алады. Сайт иесіне robots.txt файлына бір жол қосу жеткілікті, ал тыйым төрт компанияның бәріне бірден әсер етеді.
Қазір баспалар әр ЖИ-краулерді бөлек бұғаттауға мәжбүр. Ал оқытуға тыйым салу көбіне іздеуден де жоғалуды білдіреді. Жаңа тетік бұл екеуін ажыратады: ол тек модельдерді оқытуға қатысты, сайттың индекстелуіне және іздеу нәтижесінде көрсетілуіне әсер етпейді.
Қалай жұмыс істейді
Тетік интернет хаттамаларын әзірлейтін халықаралық ұйым IETF стандартының жобасында сипатталған. «Machine-Readable Training Preference Signal» құжатының авторы — Anthropic қызметкері Кевин Келли. Онда жаңа команда жоқ. Robots.txt файлындағы User-Agent жолында __usage_ai-training деген арнайы мән пайда болады. Оның астына сайт әдеттегі Disallow мен Allow жазады. Яғни бүкіл сайтты жауып, мысалы, баспасөзге арналған бөлімді ашық қалдыруға болады.
Барлық роботқа ортақ ереже (User-Agent: *) бұл белгіге қатысты емес. Жол болмаса, сайт ешқандай қалау білдірмеген деп саналады. Жоба ЖИ-ді оқыту деп контент негізінде генеративтік модельдің параметрлерін өзгертуді атайды, ал генеративтік емес міндеттерге арналған модельдер тыйымға кірмейді.

Кім, қашан бастайды
Компаниялардың мерзімі әртүрлі. SiliconANGLE мәліметінше, OpenAI мен Microsoft қолдауды алдағы айларда қосады, ал Google келесі жыл ішінде. Microsoft нақты күнін атап қойды: Bing жаңа баптауларды 2027 жылғы 1 ақпаннан бастап ескереді.
Оқытуға тыйымнан бөлек, Microsoft «граундингке» арналған жеке баптау енгізеді. Бұл — беттерді ЖИ-ассистенттердің жауаптарында нақты уақытта пайдалану. Оны robots.txt арқылы емес, мета-тегпен немесе HTTP-тақырыппен береді. Bing граундингке тыйым сайттың ЖИ-жауаптардағы көрінуін айтарлықтай азайтатынын ескертеді.
«Баспалар Bing-те табылу мен генеративтік модельдердің олардың еңбегін қалай пайдаланатынын шешу құқығы арасында таңдау жасамауы керек», — деп жазды Microsoft Bing-тің бас өнім менеджері Кришна Мадхаван.
Шектеулер
Белгі ерікті күйінде қалады. Жобада жеке келісімдер оның күшін жоя алатыны тікелей жазылған. Құжатты IETF әлі мақұлдаған жоқ, сондықтан оның ресми мәртебесі жоқ. AI Preferences жұмыс тобы түпкілікті стандарт үстінде жұмысын жалғастырып жатыр.
Microsoft рұқсат та, тыйым да трафикке немесе контент үшін төлемге кепілдік бермейтінін бөлек атап өтті. Баптауды көру үшін компания алдымен бетті қайта аралап шығуы керек.
SiliconANGLE мәліметінше, Meta идеяның өзін қолдады, бірақ белгіні енгізуге уәде бермеді. Жақында ғана ол өз ЖИ-ін оқыту үшін бизнес-клиенттердің сайттарын жинауға өзіне рұқсат берген.
Дереккөздер: SiliconANGLE — төрт компанияның стандартты қолдауы туралы, Microsoft Bing — мерзімдер мен баптаулар туралы, IETF — стандарт жобасы



