
Fal стартапы сәуірден бері бағасын екі есе өсірді
$1,3 млрд-тық жаңа раундты Bessemer Venture Partners бастады, ал Bloomberg дерегінше, компанияның жылдық түсімі $800 млн-нан асты.
Фото: Fal
Видео, сурет және дыбысқа арналған ЖИ модельдерін іске қосатын америкалық Fal стартапы $16 млрд бағамен $1,3 млрд тартты. Бұл туралы 3 қарашада TechCrunch жазды. Bloomberg дерегінше, сәуірде компания $8 млрд тұрған, яғни бірнеше айда бағасы екі есе өсті.
Раундты Bessemer Venture Partners бастады, оған Nvidia, Sound Ventures және T. Rowe Price қатысты. Fal бірден екі раундты, E және F сериясын жариялады, жалпы сомасы $1,65 млрд. Алдыңғысын Sequoia бастаған.
Fal инференстен табыс табады, яғни оқытылған модельдерді клиент сұрауы бойынша іске қосады. Компания сайтында 1500-ден астам модель мен 2,5 млн әзірлеуші бар екенін айтады, клиенттері қатарында Canva, Adobe, Shopify және Quora аталады. Bloomberg дерегінше, биыл оның жылдық есептегі түсімі $800 млн-нан асты.
Жоғары баға оңай табыс дегенді білдірмейді. TechCrunch қаржысын білетін адамдарға сілтеме жасап, бәсекелес Baseten, Fireworks AI және Modal компанияларының жалпы маржасы төмен екенін жазады. Себебі есептеу қуатын сатып алу мен жалдау қымбатқа түседі.
Компанияны 2021 жылы Coinbase-те машиналық оқыту бағытын басқарған, Oracle инженері болған Буркай Гюр мен бұрын Amazon-да әзірлеуші болған Гёркем Юртсевен құрды. Инвесторлар арасында енді Nvidia да бар, Fal оның видеокарталарын клиенттерге жалға береді.
Дереккөздер: TechCrunch — Fal раунды мен бағасы туралы, Fal — сервис пен клиенттер туралы



