
Диеталық газдалған су екі жылда арықтауға кедергі болмады
Сынақты Американың сусын өндірушілер қауымдастығы қаржыландырды, бірақ авторлар талдау мен жариялауды өздері бақылағанын айтады.
Фото: Ливерпульский университет
Британ ғалымдары екі жыл бойы тәттілендіргіші бар диеталық сусын ішетіндер мен тек су ішетіндердің қалай арықтайтынын салыстырды. Айырма статистикалық тұрғыда елеусіз болып шықты: бірінші топ қатысушылары орта есеппен 4,8 кг, екінші топ 3,7 кг тастады. SWITCH рандомизацияланған сынағының нәтижелері British Journal of Nutrition журналында жарияланды.
Жұмысты Ливерпуль университетінде профессорлар Джо Харролд пен Джейсон Хэлфорд басқарды. Сынаққа артық салмағы немесе семіздігі бар 493 ересек қатысты. Бәрі салмақ тастаудың құрылымдық бағдарламасынан өтті, ал әркімнің сусынын жеребе анықтады: су не аспартам, ацесульфам калий немесе сукралоза қосылған газдалған сусын.
Тәттілендіргіш мөлшері Еуропалық азық-түлік қауіпсіздігі агенттігі (EFSA) белгілеген қауіпсіздік шегінен аспады. Сынақ 104 аптаға созылды.
Екі жыл нені көрсетті
Екі топ та тастаған салмағын сынақ соңына дейін сақтап қалды. Бағдарлама қолдауы аяқталған соңғы жылы да салмақ қайта қосылмады. Басқа нәтижелер де ұқсас болды:
- екі топтың да бел мен жамбас өлшемі кішірейді;
- дене құрамы мен қанның метаболизм көрсеткіштері жақсарды;
- қан қысымы мен холестерин бойынша топтар арасында елеулі айырма табылмады;
- екі топта да қант тұтыну азайды, диеталық сусын ішкендерде сәл көбірек.
«Тәттілендіргіштер тәбетті бұзады немесе салмақ қосады деген қауіп қатаң әрі ұзақ рандомизацияланған сынақта расталмайды», — дейді Джо Харролд.
Ескертпелер
Сынақты Американың сусын өндірушілер қауымдастығы (American Beverage Association) қаржыландырды. Авторлар тәуелсіз жұмыс істегенін, талдау мен жариялауды өздері бақылағанын айтады. Оның үстіне, қатысушылардың бәрі арықтау бағдарламасына қатысты. Сондықтан тамақтануын өзгертпей, жай ғана газдалған сусын ішетін адамдарда нәтиже қайталана бермеуі мүмкін.
Қорытындылар ДДСҰ ұстанымымен сәйкес келмейді. 2023 жылы ұйым салмақты бақылау үшін калориясыз тәттілендіргіштерді қолданбауға шартты түрде кеңес берді. Ол кезде ДДСҰ жүйелі шолуға сүйенді. Шолу олардың май массасын азайтуға ұзақ мерзімді пайдасын таппады, ал ұзақ тұтыну 2 типті диабетпен және жүрек ауруларымен байланысты болуы мүмкін екенін көрсетті.
ДДСҰ ұсынымы күшінде қалып отыр. Жаңа сынақ диеталық газдалған суды тәтті сусындардың орнына ішуге болады деп санайтындарға дәлел қосады, бірақ оны арықтау құралына айналдырмайды. Салмақты бағдарлама мен тамақтанудағы өзгеріс азайтты, ал су да одан кем түспеді. Әлдеқайда күшті әсер беретін препараттар туралы Lilly-дің екі екпесі жайлы жаңалықта жаздық.
Дереккөздер: ScienceDaily — SWITCH сынағының қорытындысы, News-Medical — British Journal of Nutrition жарияланымының мәліметтері, Ливерпуль университеті — сынақтың алғашқы кезеңі, ДДСҰ — тәттілендіргіштер туралы ұсыным



