
Қытай жасырын тұтқа мен бүктелмелі экранға тыйым салмақ
Жоба Zero-G орындықтарын жүріп келе жатқанда бұғаттауды ұсынады, ал автоөндірушілер фаралар жолға түсіретін жазуларды бақылауға тиіс болады.
Фото: MIIT / CarNewsChina
Қытайдың Өнеркәсіп және ақпараттандыру министрлігі (MIIT) жаңа автомобиль технологияларына арналған ереже жобасын қоғамдық талқылауға шығарды. Құжат қозғалмалы орындықтарды, үлкен әрі бүктелмелі экрандарды, фаралардың проекциясын шектейді. Сондай-ақ толық жасырын есік тұтқаларына тыйым салу тағы ұсынылды. Бұл туралы CarNewsChina министрлік сайтына сілтеме жасап хабарлады. Құжат әлі бекітілген жоқ, күшіне ену мерзімі айтылмады.
Орындықтар
Zero-G функциясы бар, бұрылатын және жазық күйге дейін жиылатын орындықтар апат кезіндегі беріктікке, қысып қалудан қорғауға және сенімділікке қатаңырақ сыналуға тиіс. Өндірушілерге мұндай функциялардың қайда және қашан жұмыс істейтінін шектеу ұсынылады. Көлік жүріп келе жатқанда оларды толық бұғаттамақ.

Экрандар мен фаралар
Реттеуші дисплейлердің жүргізушіні қаншалықты алаңдататынын, апат пен төтенше жағдайда өзін қалай ұстайтынын бағалауды сұрайды. Тексеруге орталық мультимедиа экрандары, ауданы үлкен дисплейлер және күрделі HUD проекциялық дисплейлері ілігеді. Бүктелмелі және иілгіш экрандарға тыйым салу ұсынылды. CarNewsChina бағалауынша, бұл Xiaomi және Huawei (HIMA) сияқты технологиялық маркаларға соқпақ.

Жеке бөлім жарық модульдеріне, шығыңқы шамдарға және фаралардағы жазуларға арналған. Кейбір электромобильдерде жолға сурет пен мәтін түсіретін матрицалық LED фаралар бар. MIIT өндірушілерге мұндай мазмұнды модерациялап, жүргізушілер не енгізетінін қадағалауды ұсынады. Басылымның мәліметінше, жобада мазмұнға қатысты нақты шектеу жоқ.

Есік тұтқалары
Толық жасырын тұтқаларға тыйым салуды MIIT екінші рет ұсынып отыр. Бұл идея алғаш 2025 жылдың соңында Xiaomi SU7 қатысқан бірнеше шулы апаттан кейін пайда болған, солардың бірінде адам қаза тапқан. Жаңа құрылымдарда қосалқы механикалық тартқыш және қол сыятындай орын болуға тиіс. Ерекше шешімдердің төтенше жағдайдағы сенімділігі тексеріледі.

Қытай көліктеріндегі жаңа технологиялар бұрын да сұрақ тудырған. Қазанда Maextro V800 тежегіш педальдарын сынақта сынғаннан кейін ауыстыруға уәде берді.
Дереккөздер: CarNewsChina — MIIT-тің жаңа автотехнологиялар туралы ереже жобасы



