К содержанию
Ақылды. Пайдалы. Кейде байыпсыз.
Дженсен Хуанг Қазақстанға алғаш келіп, орден алды

Дженсен Хуанг Қазақстанға алғаш келіп, орден алды

Вице-премьер Жаслан Мадиев Nvidia еліміздің алғашқы технологиялық «жалғыз мүйізді» компаниясы Higgsfield-ке қаражат салғанын хабарлады, бірақ сомасы айтылмады.

Фото: пресс-служба Акорды

Nvidia компаниясының негізін қалаушы әрі президенті Дженсен Хуанг 23 қазанда Қазақстанға алғаш рет келді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оны Ақордада қабылдап, елдегі жасанды интеллектіні дамытуға қосқан үлесі үшін І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады. Хуанг Қазақстанды жаһандық «физикалық ЖИ» хабына айналдыруды ұсынды. Бұл — роботтарды, көліктерді және нақты әлемдегі басқа техниканы басқаратын жүйелер.

Кездесуде келісім де, жаңа инвестиция сомасы да жарияланған жоқ. Тараптар бір жылда атқарылған жұмысты талқылады. «Соңғы бір жылда ынтымақтастығымыз айтарлықтай нәтиже берді», — деді Хуанг. Ол Nvidia-ның Қазақстандағы серіктестері ретінде Firebird AI KZ Ltd, «Қазақтелеком» және Higgsfield компанияларын атады. Higgsfield-ті елдің алғашқы технологиялық «жалғыз мүйізді» компаниясы деп сипаттады.

Энергия, дерек және сұраныс

Хуанг ЖИ үшін ең басты шарт электр энергиясы екенін айтты. «Жасанды интеллектіні дамыту үшін ең алдымен энергетикалық ресурстар қажет», — деді ол. Оның сөзінше, ғылым, математика және технология саласында мықты дайындығы бар мамандар да керек, ал Қазақстанда бұл бағыттардың әрқайсысында әлеует бар.

Ақордаға дейін Хуанг Астанадағы Alem.ai халықаралық ЖИ орталығында вице-премьер, жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиевпен кездесті. KZ24 жазуынша, ол жерде ЖИ экономикасының үш шартын атады: электрге қолжетімділік, ұлттық деректер және ЖИ шешімдеріне нақты сұраныс. Сондай-ақ KazLLM ұлттық тілдік моделіне оң баға берді.

Higgsfield және есептеу қуаты

Хуангпен кездесуде Мадиев Nvidia-ның Higgsfield AI компаниясына инвестиция салғанын жариялады. Қазақстандық тамыры бар бұл компания сурет пен бейне генерациялайтын сервистер жасайды. Мәміленің сомасы мен шарттары ашылмады. Тоқаев Ақордада бұл серіктестікті жеке атап, құптады.

Nvidia-ның елдегі ең ірі инфрақұрылымдық жобасын Firebird пен «Қазақтелеком» Екібастұз маңындағы «ЦОД алқабында» салып жатыр. KZ24 Nvidia блогына сілтеме жасап жазғандай, Firebird АҚШ-тан 45 мың Grace Blackwell үдеткішін экспорттауға рұқсат алған. Бірінші кезектің коммерциялық іске қосылуы 2027 жылдың үшінші тоқсанына жоспарланған. Бұған дейін билік «ЦОД алқабын» $5 млрд-қа бағалады, ал бастапқыда $10 млрд айтылған.

Сапармен бір уақытта тағы бір жаңалық шықты: inDrive Pony.ai және Nvidia-мен бірге 2027 жылдың бірінші жартысында Астанада роботаксиді сынамақ. Хуангтың өзі қазіргі нәтижені «ұзақ жолдың басы ғана» деп атады.

Дереккөздер: Ақорда — Тоқаев пен Хуангтың кездесуі, Tengrinews — Nvidia серіктестері және «Достық» ордені, KZ24 — Мадиевпен кездесу және Higgsfield-ке инвестиция, TechCrunch — inDrive-тың Астанадағы роботаксиі