К содержанию
Ақылды. Пайдалы. Кейде байыпсыз.
Claude агенті емді өзі таңдап, тышқанға ота жасады

Claude агенті емді өзі таңдап, тышқанға ота жасады

Ине кіретін нүктені агент өзі есептеді: үш ғылыми мақаладан координаттарды алып, салыстырып, орташасын шығарды.

Фото: Габриэль Окана-Сантеро / X

Exin Therapeutics стартапы тірі тышқанның миына ота жасады. Онда Claude Sonnet 5 моделіндегі ЖИ-агент эпилепсияға қарсы гендік терапияны, инъекция орнын өзі таңдап, инені роботтандырылған қондырғымен өзі жүргізді. Тышқан отадан аман шықты, компания негізін қалаушының айтуынша, жақсы қалпына келді. Anthropic-тің неғұрлым қуатты екі моделі, Opus 5 пен Opus 5.5, бұл тапсырмадан бас тартты.

Тәжірибені Exin Therapeutics-тің негізін қалаушылардың бірі әрі CEO-сы, Оксфорд университетінің докторанты Габриэль Окана-Сантеро сипаттады. Startup Fortune компанияны Y Combinator акселераторы қолдайтын Сан-Францискодағы стартап деп атайды. Нәтижелер әлі рецензиядан өткен жоқ, техникалық есеп кейін шықпақ.

Агент не шешті

Агент гендік терапияның 19 нұсқасы жазылған кестені қарап, мидағы тежегіш сигналдарды күшейтетінін таңдады. Startup Fortune мәліметінше, бұл — мидың басты «тыныштандыратын» нейромедиаторы ГАМК белсенділігін арттыратын терапия. Нысана ретінде латеральды энторинальды қыртыс алынды. Ғылыми әдебиет дәл осы аймақты мұндай ұстамалардың бастауы деп санайды.

Екінші ықтимал аймақты агент қабылдамады. Оның әсері сенімсіз, ал бір зерттеуде дәл осы ұстама түріне көмектеспеген. Инъекция координаттарын агент үш ғылыми мақаладан алды, тірек нүктелерін салыстырып, орташа мәнін шығарды. Көлемді, енгізу жылдамдығын және үзілістерді де ол белгіледі.

Ота басқару интерфейсі: камера бейнесі және ЖИ-агенттің бақылаулары
Сурет: Габриэль Окана-Сантеро / X

Адамдар қайда болды

Бас сүйекті хирург-адам ашты. Лицензиясы бар ветеринар әр қайтымсыз қадамды мақұлдап отырды. Оның қолында барлық моторды бірден тоқтан ажырататын апаттық тоқтату батырмасы болды. Инъекцияның ең жоғары көлемі бекітілген, агентке оны айналып өтуге тыйым салынған. Қондырғы жұмысының ережелерін белгілейтін кодқа агент қол жеткізе алмады.

Ота кезінде агент процесті камералар арқылы қадағалап, 32 бақылау жасады. Солардың бірінде ол препараттың 15%-ы енгізілгенін, қан кету мен кері ағын жоқ екенін хабарлады.

«Бұған дейін агенттің емді және мидағы нысананы өзі таңдап, содан кейін препаратты тірі сүтқоректіге енгізгенін білмеймін», — деп жазды Окана-Сантеро.

Модельдер неге бас тартты

The Decoder мәліметінше, Opus 5 отаны соңына дейін жеткізетініне кепілдік бере алмайтынын айтып, бас тартты. Оның логикасы бойынша, наркоздағы жануардың миында инемен тоқтап қалу мүлде бастамағаннан да жаман. Startup Fortune жазуынша, Opus 5.5 де бас тартты, себебі процедура ортасында жаңылып, тышқанға зиян келтіруі мүмкін еді.

Отаны толық жүргізуге тек Sonnet 5 келісті. Алайда ол да бір рет тоқтады. Байланыс үзілгеннен кейін агент нысана нүктесі қондырғының жүріс шегінен шығып кеткенін байқады. Сондықтан қайта калибрлеуден кейін де жалғастырудан бас тартты. Ол дұрыс болып шықты: үзіліс кезіндегі қолмен түзетулер басқару жүйесін бұзған. Агентті көндіру мүмкін болмады, кодты қолмен түзетуге тура келді.

«Жағымсыз тәжірибе, бірақ ол біздің бұл модельдерге қаншалықты тәуелді болып қалуымыз мүмкін екенін және олар шұғыл процедура ортасында жай ғана „жоқ“ десе не болатынын көрсетеді», — деп жазды Окана-Сантеро. Терапия тышқанның ұстамаларын азайта ма, жоқ па, команда әлі тексеріп жатыр.

ЖИ-агент инъекцияны камера арқылы бақылап отыр
Сурет: Габриэль Окана-Сантеро / X

Anthropic тәжірибеге қатысты көпшілік алдында пікір білдірген жоқ.

Дереккөздер: The Decoder — ота барысы және модельдердің бас тартуы туралы, Startup Fortune — Exin Therapeutics стартапы және нәтижелер туралы