
Audi Қытайдағы серіктестерін логотип бойынша бөлді
SAIC Audi сақиналы модельдерді 2027 жылдың соңына дейін сата алады, ал 1 қарашадан Audi China-ны Chery-дің бұрынғы басшыларының бірі Джефф Чжан басқарады.
Фото: CnEVPost
Audi 26 қазанда Қытайдағы серіктестері FAW Group және SAIC Motor компанияларымен жеке-жеке стратегиялық келісім жасап, оларға әртүрлі брендті бекітті. FAW Audi төрт сақиналы классикалық логотипті сақтайды. Ал SAIC Audi тек әріптен тұратын AUDI маркасымен көлік әзірлеп, шығарып, сатады. Компания бұл туралы WeChat-тағы парақшасында хабарлады.
Бұған дейін екі бірлескен компания да сақиналы логотиппен жұмыс істеп келген. Енді Audi Қытайда «екі бренд, екі серіктес» схемасын ресми түрде бекітті. Компанияның айтуынша, бұл шешім қабылдауды жылдамдатады, модельдерді нақтырақ әзірлеуге және клиенттерге қызметті жақсартуға көмектеседі.
Кімге не тиеді
Сақиналы негізгі желі FAW-ға қалады, оның ішінде электромобильдер де, іштен жану қозғалтқышы бар көліктер де бар. Серіктес A6L e-tron мен Q6L e-tron-ды, сондай-ақ жаңа A5L мен A6L-ді шығаруды жалғастырады. Бұған қоса FAW Audi «ақылды» функциялары бар бензин модельдерінің келесі буынымен айналысады. FAW мен Audi-дің бірлескен компаниясы Қытайда 38 жыл жұмыс істеп, 10 млн-нан астам клиентке қызмет көрсеткен.

SAIC электрлі AUDI брендіне ден қояды. Бұл маркамен 2025 жылы шыққан E5 Sportback лифтбегі және 2026 жылғы мамырда сатылымға түскен алғашқы E7X кроссоверы сатылып жатыр. CnEVPost дерегінше, Audi SAIC-пен бірге ADP 2.0 платформасында тағы төрт модель әзірлеп жатыр, оның біріншісі 2028 жылы таныстырылады. Бұл жұмыс Шанхайда салынып біткен Audi инновациялар және технологиялар орталығына сүйенеді.
Өтпелі кезең
Өзгеріс біртіндеп жүреді. SAIC Audi сақиналы модельдерді 2027 жылдың соңына дейін сата алады. Екі брендтің көлік иелеріне де сервис қызметі сақталады.
Audi China президенті Йоханнес Рошектің сөзінше, екі брендті стратегия қытайлық серіктестерге «клиенттерге Audi-дің ең жақсысын ұсынуға» мүмкіндік береді. Бірнеше күннен кейін қытайлық бөлімшенің басшысы да ауысады. CnEVPost мәліметінше, 1 қарашадан бастап Рошектің орнына Chery-дің бұрынғы басшыларының бірі Джефф Чжан келеді.
Қытайдағы премиум көлік нарығы электромобильдер мен автопилотқа тез бет бұрып жатыр, ал жергілікті маркалар неміс брендтерін ығыстырып келеді. Қытайдағы өзгеріс Audi-дің тағы бір ірі шешімімен тұспа-тұс келді. Бір күн бұрын компания АҚШ-та алғашқы зауытын салатынын жариялады.
Дереккөздер: China Daily — Audi-дің FAW және SAIC-пен келісімдері, CnEVPost — модельдер және Audi China басшысының ауысуы, Gasgoo — серіктестердің рөлі және Шанхайдағы орталық, Reuters (Euronext) — Audi-дің WeChat-тағы мәлімдемесі



