
32 ГБ DDR5 жедел жадының бағасы $450-ға жетті
Бір кездері $80 тұрған 32 ГБ DDR5 4800 жинағы енді $399-ға сатылып жатыр.
Фото: G.Skill
Америка дүкендерінде 32 ГБ көлемді ең арзан DDR5 6000 жедел жад жинағы енді $449,97 тұрады. Бұл туралы 14 қазанда жад бағасын күн сайын бақылайтын Tom’s Hardware хабарлады. Басылым мұны жасанды интеллектке сұраныс тудырған тапшылық кезіндегі ең нашар көрсеткіш деп атады.
Дәл осындай жинақ 2026 жылдың тамызында шамамен $400 болған. Басылымның бағалауынша, бөлшек саудада жад бір жылда 500%-дан астам қымбаттаған.
Tom’s Hardware 32 ГБ DDR5 6000 конфигурациясын ойын және жұмыс компьютерлері үшін стандарт санайды. Жылдамдық пен баға арасындағы ең тиімді үйлесім осы. Сондықтан оның бағасы бүкіл нарықтың барометрі саналады.
Баяу модульдер де қымбаттап жатыр. Бір кездері $80 тұрған 32 ГБ Corsair DDR5 4800 жинағы қазір $399-ға сатылады. Newegg осындай көлемдегі Corsair Vengeance RGB DDR5 5200 үшін де сонша сұрайды.

Себебі — ЖИ бумы. Жад өндірушілер қуатын дата-орталықтарға арналған чиптерге береді, ал қарапайым модульдерге жетпей қалады. Ең алдымен компьютерді өзі жинайтындар зардап шегеді. Басылымның байқауынша, дайын жүйелер жеке бөлшектерге қарағанда баяу қымбаттайды.
Жинақпен алу сәл үнемдеуге көмектеседі. Newegg-те жадты аналық платамен, процессормен немесе SSD-мен бірге алса, $358-ға дейін арзанырақ шығады.
Тапшылық компьютер сатылымына да әсер етіп отыр. 2026 жылдың үшінші тоқсанында әлемде ДК жеткізілімі 20%-ға құлады. Ал ең ірі үш өндіруші бір жыл бұрынғыдан 11,6 млн құрылғы аз жөнелтті. Нарық өкілдері жад тапшылығы келесі жылға дейін, ал ең күңгірт болжам бойынша он жылға созылуы мүмкін екенін ескертеді.
Дереккөздер: Tom’s Hardware — DDR5 бағасы туралы



