
Пубертат деген не: ұлдар мен қыздардағы жасы, белгілері, нормасы
Қыздарда пубертат әдетте 8–13 жаста, ұлдарда 9–14 жаста басталады. Кезеңдері мен белгілерін, ұл мен қыздың айырмашылығын және дәрігерге қашан бару керегін түсіндіреміз.
Пубертат — жыныстық жетілу кезеңі: гормондардың әсерімен бала ағзасы ересек ағзаға айналады. Қыздарда ол әдетте 8–13 жаста, ұлдарда 9–14 жаста басталып, орта есеппен 3–5 жылға созылады. Денемен бірге психика да өзгереді: көңіл-күйдің құбылуы, өкпешілдік, ата-анамен жиі айтыс содан. Төменде қай нәрсе қалыпты саналатынын, ұлдардағы пубертаттың қыздардағыдан айырмашылығын және дәрігерге қашан бару керегін айтамыз.
Пубертат деген не
Пубертатты ми іске қосады: гипоталамус пен гипофиз жыныс бездерін «оятады», сөйтіп ұлдарда тестостерон, қыздарда эстроген бөліне бастайды. Гормондар бойдың өсуіне, жыныстық жетілуге, сырт келбеттің өзгеруіне түрткі болады, сонымен қатар эмоция мен мінез-құлыққа да әсер етеді.
Осымен қатар психологиялық есею жүреді. Жасөспірім өзіне жаңаша қарайды, дербес болғысы келеді, бірақ өз күшіне жиі күмәнданады. Көңіл-күйдің ауытқуы, сынға қатты реніш, өз пікірін қорғауға ұмтылу — бұл кезеңде мінездің бұзылғаны емес, қалыпты құбылыс.
Пубертат қашан басталып, қанша уақытқа созылады
Басталатын нақты жас жоқ: мерзімі тұқым қуалаушылыққа, денсаулыққа, тамаққа және дене салмағына байланысты. Шамамен бағдар мынадай:
| Қыздар | Ұлдар | |
|---|---|---|
| Әдеттегі басталуы | 8–13 жас | 9–14 жас |
| Алғашқы белгісі | сүт бездерінің өсуі | аталық бездердің үлкеюі |
| Тым ерте (дәрігерге көріну керек) | 8 жасқа дейін | 9 жасқа дейін |
| Кешігу (дәрігерге көріну керек) | 13 жасқа дейін белгі жоқ | 14 жасқа дейін белгі жоқ |
Негізгі физикалық өзгерістер орта есеппен төрт жылдай алады, кейбір жасөспірімдерде одан да ұзағырақ. Дене эмоционалдық тұрақтылыққа қарағанда тезірек ер жетеді: жасөспірім сырттай ересек көрінгенімен, оған әлі де қолдау керек.
Физикалық өзгерістер
Ең байқалатыны — бойдың кенет өсуі. Бой мен салмақ артады, дене пропорциясы өзгереді, сондықтан біраз уақыт қимыл ебедейсіз болып, тез шаршау мүмкін. Өсіп келе жатқан ағзаға көбірек энергия мен ақуыз керек — ақуыз, май және көмірсу нормасын қалай есептеу туралы бөлек жаздық.
Сонымен бірге репродуктивті жүйе дамып, екінші реттік жыныс белгілері пайда болады. Тер және май бездері белсендірек жұмыс істейді, безеу шығады, дененің иісі өзгереді. Мұның бәрі қалыпты: тұрақты гигиена және үлкендердің сабырлы көзқарасы керек, мазақ пен ұятсыз.
Психоэмоционалдық өзгерістер
Гормондық өзгерістің әсерінен эмоция күшейеді: қуаныш лезде ашуға, үрейге немесе құлазуға ауысуы мүмкін. Жасөспірім ескертуді ауыр қабылдайды, сырттай сенімді көрінсе де, өзіне жиі күмәнданады.
Дәл осы кезде өзін-өзі бағалау мен жеке болмыс қалыптасады. Өз пікірі мен жеке шекарасына деген қажеттілік артады, үлкендермен айтыс та содан туады. Жасөспірім осылай өз сезімін түсініп, оны басқаруды үйренеді.
Пубертаттың кезеңдері мен белгілері
Пубертатты шартты түрде үш кезеңге бөледі. Бұл — сипаттамалық бөлу ғана: медицинада жетілу үздіксіз әрі әр адамда әртүрлі өтетін процесс ретінде қарастырылады.
- Бастапқы кезең. Гормондық өзгеріс басталады. Сырттай ештеңе байқалмауы мүмкін, бірақ көңіл-күй құбылып, шаршау, ашуланшақтық пайда болады.
- Белсенді кезең. Бой қарқынды өседі, сырт келбет айқын өзгереді. Өз денесіне қызығушылық пен өзгелердің пікірінің маңызы артады, дербестікке ұмтылыс жиі жанжалға ұласады.
- Аяқталу кезеңі. Бойдың өсуі мен гормон деңгейі тұрақтанады, өзін-өзі бағалау нығаяды, эмоцияны басқару жеңілдейді.
Биологиямен қатар жас ерекшелігіне сай психологияны да ескеру маңызды — оны әдетте ерте және кеш жасөспірімдік кезең деп бөліп сипаттайды.
Ерте жасөспірімдік кезең (10–14 жас)
Пубертаттың басталуымен тұспа-тұс келеді: ағза тез өзгереді, ал психика жаңа сезімдерге енді ғана үйреніп жатады.
- Қарқынды өсу — жасөспірім тез бойлайды, қимыл үйлесімі уақытша бұзылуы мүмкін.
- Жетілудің алғашқы белгілері — ұлдардың даусы өзгере бастайды, бұлшықеті өседі, денесі мен бетіне түк шығады; қыздардың кеудесі өсіп, тұлғасы өзгереді, етеккірі басталады.
- Эмоцияның тұрақсыздығы — көңіл-күйдің кенет ауысуы, ашуланшақтық, мазасыздық немесе тұйықтық.
- Сырт келбетке ерекше көңіл бөлу — жасөспірім өзін өзгелермен салыстырып, ұнағысы келеді.
- Құрдастарға бейімділік — құрбыларының пікірі ата-ананың сөзінен маңыздырақ бола бастайды, топқа сіңгісі келеді.
- Тәуелсіздікке ұмтылу — өзі шешкісі келгендіктен айтыс туады, бірақ бұл тұлға қалыптасуының қалыпты сатысы.
Кеш жасөспірімдік кезең (15–19 жас)
Өзгерістер бәсеңдейді, ішкі күй теңеледі, мінез-құлық ересек адамдікіне жақындайды.
- Физикалық дамудың аяқталуы — бой мен салмақ ересек көрсеткішке жетеді, гормон деңгейі тұрақтанады.
- Жыныстық жетілу — репродуктивті жүйе негізінен қалыптасып болады.
- Эмоцияның теңелуі — жасөспірім өз реакциясын жақсырақ бақылап, сезімін түсінеді.
- Өмірлік бағдар — мамандыққа, оқуға, алыс мақсаттарға қызығушылық пайда болады.
- Өзін іздеу — жігіттер мен қыздар кім екенін, қоғамда қандай орын алғысы келетінін түсінуге тырысады.
- Тереңірек қарым-қатынас — достық бекиді, алғашқы махаббат пайда болады.
- Жауапкершілік — жасөспірімдер өздері шешім қабылдап, табыс тауып, салдарына жауап беруді үйренеді.
Ұлдар мен қыздардағы пубертат: айырмашылығы неде
Механизмі бір, бірақ мерзімі, өзгерістердің реті мен эмоциялық реакциялар ұл мен қызда әртүрлі. Сондықтан ұлыңызды сыныптас қызбен салыстырудың мәні жоқ.
Қыздарда: ертерек әрі біртіндеп

Әдетте алғашқы белгі — сүт бездерінің өсуі: емшек ұшының астында кішкене тығыздық пайда болады, кейде ол сезімтал болады, кейін біртіндеп үлкейеді. Кеуденің көлемі мен пішіні әркімде әртүрлі, норма туралы ештеңе айтпайды.
Сонымен қатар жатыр мен аналық бездер үлкейіп, етеккір циклі орнығады. Алғашқы етеккір кеуде өсе бастағаннан кейін орта есеппен 2–3 жылдан соң, көбіне 12–13 жаста келеді. Алғашқы айларда цикл тұрақсыз болуы мүмкін — бұл физиологиялық тұрғыдан қалыпты.
Эстрогеннің әсерімен жамбас кеңейіп, сан пішіні қалыптасады, май тінінің үлесі артады. Бұл — қалыпты есею, бірақ қыздар тұлғасының өзгеруін жиі ауыр қабылдайды.
Ұлдарда: кешірек әрі секірмелі

Ұлдарда пубертат кешірек басталып, біркелкі өтпейді. Алғашқы белгі — аталық бездердің үлкеюі және тестостеронның белсенді бөлінуі. Одан кейін жыныс мүшесі үлкейеді, өздігінен эрекция мен поллюция пайда болады — бұл ұялтуы мүмкін, сондықтан ол туралы алдын ала сабырмен сөйлескен жөн.
Кейін бой кенет өседі: иық кеңейеді, бұлшықет ұлғаяды, сүйек жуандайды. Көмейдің өсуіне байланысты дауыс сынады, біраз уақыт тұрақсыз естіледі. Ұлдардың ең қарқынды өсуі шамамен 13–15 жасқа келеді — қыздардан екі жылдай кейін.
Бетке, денеге, қолтыққа түк шығу мерзімі әркімде әртүрлі. Бұл кезеңдегі ашуланшақтық, тұйықтық не кенет ызалану көбіне өзіне сенімсіздікті жасырып тұрады.
Мерзімінен бұрын жыныстық жетілу
Пубертат белгілері қыз балада 8 жасқа, ұл балада 9 жасқа дейін пайда болса, мұны мерзімінен бұрын жыныстық жетілу дейді. Бұл — балалар эндокринологына тексерілуге себеп: бала ағзасы мұндай гормондық жүктемеге әлі дайын емес.
Себебі екі түрлі болады. Біріншісінде ми жыныс гормондарын уақытынан ерте бөлдіре бастайды — жетілу әдеттегі ретпен, тек тым ерте жүреді. Екіншісінде гормон көзі орталық реттеуден тыс жерде болады: мысалы, бүйрек үсті бездерінің ақауы немесе жыныс бездерінің ісігі. Ондайда өзгерістер әдеттен тыс дамиды, себебін жеке анықтау керек.
Ерте пубертат әдетте бойдың жедел өсуімен қатар жүреді: алғашында бала құрдастарынан биік болады, бірақ өсу аймақтары ерте жабылғандықтан, ересек кезінде бойы болуы мүмкін деңгейден аласа қалуы ықтимал. Кейде бас ауруы, шаршағыштық, тәбеттің өзгеруі немесе қатты шөлдеу қосылады. Емді неғұрлым ерте бастаса, бойдың қалыпты өсуін сақтап қалу мүмкіндігі соғұрлым жоғары.
Үлкендердің жиі жіберетін қателіктері

- Әр қадамды бақылау. Үздіксіз тыйым мен тексеру наразылық пен тұйықтық тудырады.
- Сезімін елемеу. «Сенің не проблемаң бар еді» десеңіз, жасөспірім сырын айтпай қояды.
- Салыстыру. Аға-інісімен, апа-сіңлісімен не сыныптастарымен салыстыру өзіне деген сенімін түсіреді.
- Жеке шекараны құрметтемеу. Хат-хабарын оқу, бөлмесіне есік қақпай кіру сенімді бұзады.
- Бірден ересек болуын күту. Пубертат — бір сәтте емес, жылдар бойы жүретін процесс.
Жасөспірімге қалай қолдау көрсетуге болады
Алдымен мынаны түсініңіз: дөрекі сөз бен тұйықтық сізге жасалған қорлық емес, даму бөлігі. Сабырлы үн мен сөйлесуге дайын болу шиеленісті басады.
Жасөспірімге оны тыңдап жатқаныңызды сезіну маңызды. Ашық сұрақ қойыңыз, кеңес беруге, ақыл айтуға асықпаңыз. Мәселе сізге ұсақ көрінсе де, ол үшін үлкен болуы мүмкін — мұны мойындау сенімді нығайтады.
Ереже керек, бірақ түсінікті әрі тұрақты болсын. Оны алдын ала талқылап, себебін түсіндіріңіз, ашудың үстінде тыйым салмаңыз. Жасөспірімге жеке кеңістік қалдырыңыз: өз қызығушылықтары мен оңаша уақыты болсын. Бұл жаста «ересектікке» ұқсайтын қауіптер — алкоголь, вейп және снюс туралы да бөлек сөйлескен жөн: тыйымнан гөрі сабырмен айтылған дерек көбірек әсер етеді.
Ең бастысы — өз үлгіңіз. Эмоциясын басқара алатын, қатесін мойындайтын, күрделі тақырыпты сабырмен талқылайтын үлкен адам жасөспірім үшін бағдарға айналады.

Дәрігерге немесе психологқа қашан бару керек
Пубертат көбіне қалыпты өтеді, бірақ мына жағдайларда маманға көрінген дұрыс:
- жетілу белгілері қыз балада 8 жасқа, ұл балада 9 жасқа дейін пайда болса;
- 13 жасқа дейін қыздың кеудесі өспесе, 14 жасқа дейін ұлдың аталық бездері үлкеймесе немесе даму құрдастарынан айқын қалып қойса;
- кеуде өсе бастағаннан кейін 3 жыл өтсе де не 15 жасқа дейін етеккір келмесе;
- жасөспірім ұзақ уақыт енжар, мазасыз жүрсе немесе ашуын жиі ұстай алмаса;
- түсініксіз себеппен ұзақ уақыт тұйықталып, ешкіммен сөйлеспей қойса;
- үлгерімі күрт төмендеп, күнделікті істерге қызығушылығы жоғалса;
- өзіне зиян келтіру белгілері байқалса, «ешкімге керек емеспін», «өмір сүргім келмейді» деген сөздер айтылса.
Қазақстанда алдымен тіркелген емханадағы педиатрға немесе жалпы тәжірибелік дәрігерге барыңыз: қажет болса, ол балалар эндокринологына, гинекологқа немесе уролог-андрологқа жолдама береді — жолдамамен кеңес тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында тегін. Психологты мектептен немесе емханадан табуға болады. Жасөспірім де, ата-ана да балалар мен жастарға арналған тәулік бойы жұмыс істейтін Ұлттық сенім телефонына — 150 нөміріне хабарласа алады, қоңырау тегін, telefon150.kz сайтындағы чатқа жасырын жазуға да болады. Өмірге қауіп төнсе, 103 немесе 112 нөміріне қоңырау шалыңыз.
Дәрігерге не психологқа бару баламен «бір нәрсе дұрыс емес» дегенді білдірмейді. Уақтылы көмек себебін анықтауға және бүкіл отбасының жүгін жеңілдетуге көмектеседі.
Пубертат туралы жиі қойылатын сұрақтар
Көңіл-күйдің кенет құбылуы қалыпты ма?
Иә. Ол гормондық өзгеріспен және психиканың жасқа сай өзгеруімен байланысты.
Пубертат байқалмай өтуі мүмкін бе?
Иә. Алаңдататын белгілер болмаса, әлсіз байқалатын өзгерістер де норманың бір түрі.
Баланы құрдастарымен салыстыру керек пе?
Жоқ. Жетілу қарқыны әркімде әртүрлі, ал салыстыру тек мазасыздықты күшейтеді.
Пубертаттың басталу мерзіміне әсер етуге бола ма?
Өз бетіңізше — жоқ. Салауатты өмір салты дамуға септігін тигізеді, бірақ мерзімді анықтамайды; пубертат тым ерте не кеш басталса, емді тек эндокринолог тағайындайды.
Жасөспіріммен дене туралы қалай сөйлесу керек?
Сабырмен, қарапайым тілмен және алдын ала — өзгерістер басталмай тұрып. Сұрақтарына туындаған сайын, ұялмай жауап беріңіз.

Пубертат — есеюдің табиғи кезеңі, ондағы уақытша қиындық проблема дегенді білдірмейді. Үлкендердің шыдамы, сезімге құрметі мен қолдауы жасөспірімнің ересек өмірге қандай тәжірибемен аяқ басатынын көп жағдайда анықтайды.



