К содержанию
Ақылды. Пайдалы. Кейде байыпсыз.
Maextro сынақта сынған V800 тежегіш педальдарын ауыстырады
Авто

Maextro сынақта сынған V800 тежегіш педальдарын ауыстырады

Huawei мен JAC минивэні 1,016 млн юаньға (шамамен 68,9 млн теңге) дейін тұрады, ал оның педалінің негізі шыны талшықты пластиктен жасалған.

Фото: CarNewsChina

Huawei мен JAC-тың люкс бренді Maextro V800 минивэнінің иелеріне тежегіш педалінің кронштейнін тегін ауыстырып береді. Компания бұл шешімін 9 қазанда жариялады. Оған дейін қытайлық Dongchedi басылымы 100 км/сағ жылдамдықтан шұғыл тежеу сынағында педаль негізін үш рет сындырған.

CarNewsChina дерегінше, Dongchedi үш минивэнді сынаған, кронштейн үшеуінде де бұзылған. Педальға түскен ең жоғары күш 1612 Н болды. Басылым себебін құрылымнан көреді: педальдың ортасы бұрылу осінен 130 мм қашықтықта орналасқан, ось маңында тік тіректің бір ғана қабаты бар, қаттылық қабырғалары аз. Сынақ авторлары педальға артық күш түсірмегенін айтады.

Maextro V800 минивэні
Сурет: CarNewsChina

Maextro не деп жауап берді

Компания педаль құрылымын жетілдіруге уәде берді. Сонымен қатар құрылымды тексеру тәртібін, сынақ параметрлерін және өндірістегі сапа бақылауын қайта қарайды. Алайда Maextro педаль GB 21670-2025 және GB 7258-2026 ұлттық стандарттарынан, сондай-ақ QC/T 788-2018 салалық стандартынан асып түскенін алға тартады. Компанияның айтуынша, жеткізілім басталғалы бері бірде-бір иесінің көлігінде педаль негізі сынбаған. Ресми кері шақыру не реттеушінің тексерісі туралы хабар жоқ.

V800 — Huawei HIMA экожүйесінің флагманы. Ұзындығы 5495 мм минивэн жеті орындық, толық массасы 3800 кг. Бұл тізбекті гибрид: CATL-дің 65 кВт·сағ батареясы, жалпы қуаты 390 кВт (523 а. к.) екі электр мотор және генератор қызметін атқаратын 1,5 литрлік бензин қозғалтқышы бар. Бағасы 766 000-нан 1 016 000 юаньға дейін (шамамен 52–68,9 млн теңге). China EV DataTracker дерегінше, тамызда иелеріне 181 көлік берілген.

Бәсекелестер сәтті жіберіп алмады

BYD-тің премиум бренді Yangwang бас менеджерінің көмекшісі Чжэн Юй Weibo желісінде U7 седаны мен U8, U8L жол талғамайтын көліктерінің тежегіш педальдарын көрсетті. Оның сөзінше, екі құрастырма да толығымен металдан жасалған, яғни рычагтары да, негіздері де штампталған болаттан. Yangwang педаль 2500 Н күшке шыдайтынын айтады, ал қытай стандарты бес секунд бойы 2000 Н күшке төтеп беруді талап етеді. V800-дің педаль негізі шыны талшықпен арматураланған полипропиленнен жасалған.

Yangwang U7 және U8 тежегіш педальдары марка өкілінің қолында
Сурет: Чжэн Юй / Weibo

Voyah төрағасы Лу Фан да Dream 9 минивэнінің педалін жариялады. CarNewsChina пікірінше, бұл оқиға Maextro-ға да, Қытайда арзан көлік өндірушісі саналатын JAC-қа да сенімді төмендетеді. Maextro-ның Қазақстанда сатылатыны туралы ресми хабарланған жоқ.

Дереккөздер: CarNewsChina — Maextro-ның V800 педалі сынғанына жауабы, CarNewsChina — Yangwang-тың жауабы, ҚР Ұлттық банкі — юань бағамы