К содержанию
Ақылды. Пайдалы. Кейде байыпсыз.
Meta Facebook пен Instagram-да TikTok жарнамасына тыйым салды

Meta Facebook пен Instagram-да TikTok жарнамасына тыйым салды

Тыйым АҚШ, Канада және Жапонияны қоса алғанда жеті елде күшіне енді және TikTok науқанын жүргізетін бөгде жарнама берушілерге де қатысты.

Фото: Steve Dent / Engadget

Meta өз платформаларында TikTok-тың қытайлық бас компаниясы ByteDance-тің жарнамасы мен маркетингіне толық тыйым салды. Шешім 8 қазанда күшіне енді. Ол АҚШ, Канада, Египет, Индонезия, Жапония, Таиланд және Вьетнамда әрекет етеді. Компания тыйымды Bloomberg агенттігіне растады.

Шектеу осы елдерде TikTok-қа байланысты науқан жүргізетін бөгде жарнама берушілерге де тиеді. «Біз адамдарды қосымшаларымыздан әкетуді көздейтін бәсекелестің жарнамасын көрсетуге міндетті емеспіз», — деді Meta өкілі Крис Сгро. Ресми мәлімдемесінде компания бәсекелесті жарнамалаудан бас тартуды әдеттегі іскерлік тәжірибе деп атады.

Жауап қадамы

Шиеленісті алдымен TikTok бастады. Engadget дерегінше, платформа Instagram мен Facebook профильдеріне сілтеме қоюға тыйым салған. Ал New York Post қыркүйекте жазғандай, TikTok Meta жарнамасын да орналастырудан бас тартты. Ол жарнамада Meta бәсекелесін балаларды қорғау келісіміне қосылуға шақырған еді.

Бұл қақтығыстың артында реттеушілердің қысымы тұр. Тамызда Meta АҚШ штаттарымен $18 млрд-тық бітімге келді. Сондықтан Facebook пен Instagram-ға балаларды қорғау функцияларын қосуға міндеттенді. Engadget сөйлескен заңгерлердің пікірінше, бұл келісім бәсекелестерді де, ең алдымен TikTok пен YouTube-ты, қосымшаларын өзгертуге мәжбүрлеуі мүмкін.

Еуропа реттеушілері де жазда TikTok кәмелетке толмағандарды жеткілікті қорғамайтынын айтып, жылдық түсімнің 6%-на дейін айыппұл салуы мүмкін екенін ескертті. Ал Meta бәсекелестерін әрекетке шақырып, газеттерге жарнама берді. Сондай-ақ TikTok-ты АҚШ үкіметінде экран уақыты мен балалар қауіпсіздігі жөніндегі кездесулерге келмегені үшін сынады.

Қазір TikTok-қа америкалық және БАӘ инвесторларынан құралған консорциум иелік етеді, оған Oracle негізін қалаушы Ларри Эллисон да кіреді. Компания қақтығыс жайлы үнсіз дерлік. Қазақстан елдер тізімінде жоқ, сондықтан Meta компаниясының әлеуметтік желілеріндегі жаңа тыйым оған қатысты емес.

Дереккөздер: Engadget — Bloomberg-ке сілтемемен Meta платформаларында ByteDance пен TikTok жарнамасына тыйым