
SpaceX мобильді оператор болу үшін жиілік сатып алмақ
Мәміле жарияланғаннан кейін T-Mobile акциялары 10%-ға, Verizon мен AT&T акциялары 8%-ға арзандады.
Фото: SpaceX / Wikimedia Commons, CC0
SpaceX Grain Management инвестициялық компаниясынан 800 МГц диапазонындағы жалпыұлттық жиілік пакетін сатып алуға келісті. Мәміле 8 қазанда жарияланды. Илон Масктың компаниясы бұл қадам «Starlink-ке АҚШ-тағы ірі мобильді оператор болуға жол ашады» дейді. Келесі күні Американың үш басты операторының акциялары күрт құлады.
Пакетке 817–824 және 862–869 МГц жолақтарындағы 14 МГц-ке дейінгі жұп спектр кіреді. Тараптар бағасын ашпады. Мәмілені әлі АҚШ Федералдық байланыс комиссиясы (FCC) мақұлдауы керек.
Starlink-ке төменгі жиілік не үшін керек
Қазір Starlink мобильді сервисі спутниктерден 2 ГГц жиілікте жұмыс істейді. Бұл жиілікті SpaceX EchoStar-дан спектр сатып алғанда алған. Мұндай сигнал қабырғадан нашар өтеді, сондықтан ғимарат ішінде байланыс әлсірейді. Ал 800 МГц диапазоны осы мәселені шешеді. SpaceX сөзімен айтқанда, ол «Starlink Mobile сигналының кедергілерден, мысалы қабырғадан өтуін қамтамасыз етеді».
Жаңа жиіліктер спутникке емес, жердегі мұнараларға арналған. SpaceX спутниктік те, жердегі де спектрді қатар пайдаланатын алғашқы оператор болғысы келеді. Смартфондардың көбі бұл диапазонды қазірдің өзінде қолдайды. Яғни абоненттерге телефон ауыстырудың қажеті жоқ.
Қазан басында FCC SpaceX-ке екінші буындағы 15 мың Starlink Mobile спутнигін ұшыруға рұқсат берді. Компания мәліметінше, олар деректерді қазіргі жүйеден 100 есеге дейін тығыз жібереді. Ұшырулар 2027 жылға жоспарланған, ал жаңартылған сервис 2027 жылдың соңында күтіледі.
Кім ұтылады
Мәміле жарияланғаннан бері T-Mobile акциялары 10%-ға, Verizon мен AT&T акциялары 8%-ға арзандады. Жиіліктердің тарихы да қызық. T-Mobile бұл пакетті Sprint-пен бірігу шарттарына сай Grain-ге $2,9 млрд-қа сатқан, мәміле тамызда жабылды. Енді бұл спектр оның болашақ бәсекелесіне өтеді.
Қазір T-Mobile АҚШ-та Starlink Mobile бойынша SpaceX-тің серіктесі. Алайда SpaceX президенті Гвинн Шотвелл тамызда-ақ операторлардан клиенттердің «біразын» тартып алатынын айтқан. Себебі, оның сөзінше, «біздің сервис жақсырақ болады».
Жердегі желінің қашан іске қосылатыны FCC тексеруінің мерзіміне байланысты. Компания Starlink мобильді байланысын Қазақстанда іске қосу жоспары туралы хабарлаған жоқ. Маск бизнесі туралы толығырақ — Илон Маск досьесінде.
Дереккөздер: Teslarati — SpaceX пен Grain мәмілесінің мәліметтері, Moneywise — операторлар акцияларының құлауы, 9to5Mac — Starlink Mobile жоспарлары, Quartz — 800 МГц спектрін сатып алу



