
Альтман: үй компьютеріндегі жад — «өте жаман» нәрсе
Альтман бұл пікірін жад тапшылығынан компьютерлер қымбаттап, Nvidia бейнекарталары бастапқы бағасынан екі есе қымбат сатылып жатқан шақта айтты.
Фото: James Tamim / Wikimedia Commons, CC BY-SA 4.0
OpenAI бас директоры Сэм Альтман әлемде тапшы жедел жадты үй компьютерлеріне емес, бұлттағы дата-орталықтарға беру тиімді деп санайды. Ол мұны Cheeky Pint YouTube-арнасына берген сұхбатында айтты. Сұхбат сыра үстінде жазылған. Альтманның сөзінше, қарапайым компьютер өз жадын уақыттың аз ғана бөлігінде пайдаланады.
Әңгіме ашық ЖИ-модельдерді жергілікті, яғни өз компьютерінде іске қосу туралы болды. Альтман ресурсты бөлу тұрғысынан бұл дұрыс емес екенін айтты.
«Жаһандық бөлу тұрғысынан алғанда, әркімнің компьютерінде әлемдегі шектеулі DRAM қорының бір бөлігі жатып, уақыттың 5%-ында ғана пайдаланылуы өте жаман», — деді Альтман. DRAM — жедел жадтың бір түрі. Компьютерлер де, ЖИ серверлері де осы жадпен жұмыс істейді.
«Қатаң тапшылықпен күресіп жатсаңыз, бұлтта барынша жоғары жүктеме керек. Бірақ көп адамның түйсігі неге екені белгісіз, керісінше айтады», — деп қосты ол.
Бұл кімге тиімді
Бұл сөзге алғаш назар аударған Tom’s Hardware OpenAI-дың негізгі бизнесі жабық модельдер екенін еске салады. Олар тек компанияның дата-орталықтарында жұмыс істейді, ал пайдаланушылар оларға жазылым үшін ақша төлейді. Жергілікті модельдер кейбір адамдарға аз төлеуге немесе мүлде төлемеуге мүмкіндік берер еді. Сондықтан басылым Альтманның сөзін OpenAI бизнес-моделін қорғау деп ашық атайды.
Басылым бұл пайымның тағы бір әлсіз жерін көреді. Ол дата-орталықтар құрылысы баяуламайды деген болжамға сүйенеді. Оның үстіне Альтман ЖИ серверлеріндегі тәулік бойғы жүктемені үй компьютеріндегі кестелерден, браузерден, ойындардан және анда-санда іске қосылатын жергілікті ЖИ-ден құндырақ санайды. Пікір қалдырған оқырмандардың көбі OpenAI басшысының сөзін ашумен қабылдады.
Сатып алушыларға неге әсер етеді
Бұл дау тек теория емес. Жад өндірушілер қуатының көбін ЖИ серверлеріне бөліп жатыр, сондықтан тұтынушы техникасы қымбаттап барады. Intel жад тапшылығынан компьютер нарығы 12%-ға қысқарады деп күтеді. Nvidia осы аптада өз дүкенінен RTX 5090 мен RTX 5080 бейнекарталарын алып тастады, ал сатушылардағы RTX 5080 бастапқы бағасынан 2,2 есе қымбат.
Сол сұхбатта Альтман PHP-дағы осалдықтар, оқыту кезінде модельдерді оқшаулау және OpenAI-дың математикалық зерттеулері туралы да айтты.
Дереккөздер: Tom’s Hardware — Альтман үй компьютеріндегі жад туралы



