
Ұлыбритания антидепрессанттар туралы ескертуді күшейтті
Кейбір дәрілердің нұсқаулығына ем тоқтатылғаннан кейін де сақталуы мүмкін жыныстық бұзылыстарды білдіретін PSSD термині енгізіледі.
Фото: Nursing in Practice
Ұлыбританияның дәрі-дәрмек агенттігі MHRA 15 қазанда антидепрессант ішетін барлық адамға арналған жаңа қауіпсіздік шараларын енгізді. Дәрі қорабындағы парақшада суицидтік ой қаупі туралы жақтаумен бөлінген ескерту пайда болады, ал пациенттерге арнайы карточка беріледі. Бірқатар препараттың нұсқаулығына PSSD термині жазылады. Бұл атау ем тоқтатылғаннан кейін де сақталуы мүмкін жыныстық бұзылыстарды білдіреді.
Шешім MHRA-ның Drug Safety Update бюллетенінде жарияланды. Оның алдында ұзақ тексеріс жүрді. Адамға арналған дәрілер жөніндегі комиссияның сарапшылар тобы 2024 жылғы мамырдан 2025 жылғы шілдеге дейін жұмыс істеді, ал 2025 жылғы қыркүйекте комиссия олардың ұсынымдарын қарады. Тексеріске пациенттер мен олардың отбасыларының шағымы себеп болды. Олардың айтуынша, парақшалар екі басты қауіп туралы тым бұлыңғыр жазған.
Не өзгереді
- Парақшада суицидтік ой мен әрекет туралы жақтаумен бөлінген ескерту болады, онда көмекке қайда жүгіну керегі көрсетіледі.
- Пациенттер карточка алады: алдымен электронды нұсқасын, кейін банк картасындай қағаз нұсқасын.
- Кейбір препараттардың парақшасына «SSRI-дан кейінгі жыныстық дисфункция» (PSSD) термині қосылады.
- 2027 жылы емнің қаупі, пайдасы мен баламалары туралы жеке жаднама шығады. Оны алғашқы қабылдауда, ал емделіп жүргендерге келесі қабылдауда береді.
Жаңа тұжырымдар қатысты препараттар тізімінде он атау бар: циталопрам, эсциталопрам, флуоксетин, флувоксамин, пароксетин, сертралин, дулоксетин, венлафаксин, амитриптилин және нортриптилин. Реттеуші бұл қауіптердің жаңа емес екенін ашық жазады. Өзгеретіні — олар туралы қаншалықты анық ескертілетіні.
MHRA дәрігерлерге суицидтік ой қаупін препаратты тағайындағанда, дозаны өзгерткенде немесе келесі тексерісте талқылауға кеңес береді. Әсіресе емнің басында және доза ауысқаннан кейін мұқият болу керек. Жыныстық бұзылыстар туралы да дәрігер алдын ала айтуы тиіс. Соның ішінде кейбір адамда олар ем тоқтағаннан кейін де басылмайтынын ескертуі керек.
«Бұл шаралар пациенттерге, олардың жақындарына және медиктерге саналы әңгіме жүргізуге көмектеседі», — деді MHRA-ның қауіпсіздік жөніндегі бас маманы Элисон Кейв. Британ денсаулық сақтау жүйесіне клиникалық ұсынымдар жазатын NICE жаңа шаралардың қолданыстағы нұсқаулықтарға әсерін бағалайтынын айтты. The BMJ дерегінше, кейбір сарапшылар ескертулерді әлі де жеткіліксіз санайды.
Әңгіме жаппай қолданылатын дәрілер туралы. The BMJ бағалауынша, тек Англияның өзінде антидепрессантты тоғыз миллионнан астам адам ішеді. Оларды депрессиядан бөлек, мазасыздық, бас сақинасы және нейропатиялық ауырсыну кезінде де тағайындайды.
Реттеушінің басты практикалық кеңесі — дәрігермен сөйлеспей тұрып дәріні тоқтатпау. Суицидтік ой жаңадан пайда болса не күшейсе, MHRA шұғыл медициналық көмекке жүгінуге кеңес береді. Дозаны, препаратты ауыстыру не тоқтату туралы шешімді дәрігермен бірге қабылдайды. Бұған дейін rizz.kz балалар депрессиясы зерттеулерінде Prozac пайдасы асыра көрсетілгенін жазған.
Дереккөздер: MHRA — антидепрессанттарға арналған жаңа қауіпсіздік шаралары, Nursing in Practice — MHRA мен NICE мәлімдемелері, The BMJ — сарапшылар пікірі және тағайындау ауқымы, MHRA — 2025 жылғы тексеріс қорытындысы



