
Toyota Аргентинада электромобильге $1,3 млрд салады
Өнімнің 70%-ға жуығы экспортқа кетеді, ал Аргентина үкіметі зауыттан жылына шамамен $1,28 млрд валюта түсімін күтеді.
Фото: Toyota
Аргентина үкіметі жанындағы бағалау комитеті Toyota-ның $1,3 млрд-тық инвестициялық жобасын мақұлдады. Жоба ірі инвестицияға жеңілдік беретін RIGI режимі бойынша өтеді. Қаражат Буэнос-Айрес провинциясындағы Сарате зауытына жұмсалады, жапон компаниясы онда 1997 жылдан бері көлік құрастырып келеді. Бұл — Аргентина автоөнеркәсібі тарихындағы ең ірі инвестиция, ал зауыт шығаратын басты үміткер ретінде Hilux BEV электр пикабы аталып отыр.
Құрылыс кезінде 3600 адам жұмыс істейді, зауыт іске қосылған соң 2600 тұрақты жұмыс орны қалады. Өнімнің 70%-ға жуығы экспортқа арналған. Аргентинаның экономика министрі Луис Капуто шетелге жөнелтілетін көліктің құнын жылына шамамен $1,28 млрд деп бағалады.

Жаңарған зауыт нақты қай модельді шығаратынын Toyota ресми түрде айтқан жоқ, толығырақ кейін хабарлайтынын жеткізді. Automotive News дерегінше, бұл көбіне электр Hilux болмақ. Қазір оны Таиландта құрастырып, Еуропаға, Азияға, Австралияға және басқа нарықтарға экспорттайды. Электр Hilux-тың Қазақстанға келетіні туралы ресми түрде хабарланған жоқ.
Жоба Латын Америкасындағы бәсекемен байланысты, себебі өңірде қытай маркалары барған сайын көп сатылып жатыр. Electrek Toyota-ның жаңа электромобилін өңірдегі қытайлық бәсекелестерге жауап деп атайды. Бұл өзгеріс әлемдік статистикадан да байқалады: бензин көліктерінің үлесі алғаш рет жаңа көлік сатылымының жартысынан төмен түсті.
Дереккөздер: Electrek — Toyota-ның Аргентинадағы жобасының мақұлдануы



