
Tesla Model 3 пен Model Y жарық сөнгенде үйді қуаттайды
Функция тек АҚШ пен Пуэрто-Рикода, 1 қазаннан кейін тапсырыс берілген көліктерде жұмыс істейді және үйде Powerwall 3 аккумуляторын талап етеді.
Фото: Tesla / Electrek
Tesla Model 3 және Model Y үшін Powershare Home Backup функциясын қосты. Енді желіде жарық сөнсе, бұл электромобильдер үйді электрмен қамтамасыз ете алады. Бұған дейін мұндай мүмкіндік тек Cybertruck пикабында болған.
Функция 2026 жылғы 1 қазаннан бастап тапсырыс берілген көліктерге ғана қолжетімді және тек АҚШ пен Пуэрто-Рикода жұмыс істейді. Үйде Powerwall 3 аккумуляторы мен Wall Connector не Universal Wall Connector қабырға зарядтағышы болуы керек. Көліктің Powershare-ді қолдайтын-қолдамайтынын орталық экрандағы мәзірден көруге болады.
Үй қанша уақыт шыдайды
Tesla Energy дерегінше, 90%-ға қуатталған электромобиль күніне 30 кВт·сағ жұмсайтын үйді «екі тәуліктен артық» резервтік қуатпен қамтиды. Стандарт нұсқалар үшін Tesla «екі тәулікке дейін» деп уәде береді. Powerwall арқылы берілетін тұрақты қуаттың ең жоғары мөлшері — 11,52 кВт.
Шектеулер де жеткілікті. Model 3 пен Model Y энергияны жалпы желіге кері бере алмайды. Ескі Powerwall 2 мен Powerwall+ қолдауын компания кейін қосуға уәде етті. Model S пен Model X бұл функцияны алған жоқ.
Tesla бәсекелестерін қуып жетіп келеді
Ford осындай технологияны F-150 Lightning пикабында 2022 жылы-ақ іске қосқан. GM кейін Ultium платформасындағы барлық электромобильдеріне үйді қуаттау мүмкіндігін қосты. Tesla-ның өзі 2023 жылғы Investor Day-де 2025 жылды мерзім етіп белгілеген, бірақ оған үлгермеді.
Жаңарту Илон Маск компаниясы үшін сәтті тоқсаннан кейін шықты. 2026 жылдың үшінші тоқсанында Tesla 486 532 көлік жеткізді, ал сарапшылар 464 мыңға жуық күткен еді.
Дереккөздер: Electrek — Model 3 пен Model Y үшін Powershare іске қосылды, Carscoops — Tesla-ның үшінші тоқсандағы жеткізілімі



