
Қытай экономикасы үшінші тоқсанда 4,5%-ға өсті
Өсімді экспорт пен мемлекет ұстап тұр: тоғыз айда жылжымайтын мүлікке салынған инвестиция 20,6%-ға қысқарды, бөлшек сауда небәрі 1,1%-ға артты.
Фото: Dimsum Daily
Қытайдың ЖІӨ-сі 2026 жылдың үшінші тоқсанында жылдық есепте 4,5%-ға өсті. Reuters сұраған талдаушылар 4,4% күткен. Деректерді ҚХР Ұлттық статистика бюросы 19 қазанда, дүйсенбіде жариялады.
Екінші тоқсанда экономика 4,3%-ға өскен. Бұл соңғы үш жылдан астам уақыттағы ең төмен көрсеткіш еді. Алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда ЖІӨ 1,2%-ға артты, ал көктемде бұл көрсеткіш 0,9% болған.
Қыркүйекте өнеркәсіп өндірісі бір жылда 5,5%-ға өсті, тамызда 5,2% еді. Бөлшек сауда 1,1%-ға артты, болжам 0,6% болатын. Қалалардағы жұмыссыздық 5,2%-ға дейін төмендеді.
Әлсіз тұстар өзгерген жоқ. Қаңтар-қыркүйекте негізгі капиталға салынған инвестиция 7,2%-ға қысқарды. Жылжымайтын мүлікке салынған қаржы 20,6%-ға азайды. Сегіз ай қорытындысында құлдырау 19,9% болған.
ITC Markets талдаушысы Энди Цзидің пікірінше, өсім әлі де экспорт пен мемлекеттік шығынға сүйеніп тұр. Ал ішкі сұраныс әзірге аяғынан тұрған жоқ. Үкіметтің жылдық мақсаты — 4,5–5%. Цзи оған жетуге болады деп санайды, бірақ ол үшін төртінші тоқсан мықты болуы керек.
Reuters сауалнамасына қатысқан экономистер 2026 жыл қорытындысында 4,5% өсім күтеді. 2025 жылы өсім 5% болған, ал 2027 жылы 4,4%-ға дейін баяулауы мүмкін. Қытай — Қазақстанның басты сауда серіктестерінің бірі. Сондықтан ҚХР-дағы сұранысқа қазақстандық экспорт та тәуелді.
Дереккөздер: Investing.com (Reuters) — Қытайдың үшінші тоқсандағы ЖІӨ өсімі туралы, Dimsum Daily — жұмыссыздық пен тоғыз айдың көрсеткіштері туралы



