
Nike мен Our Legacy жүгіру желісін нөлден жасайды
Толық сатылымға дейін брендтер қоймада қалған маталар мен Nike-тің винтаж киімдерінен бірнеше шағын жоба шығарады.
Фото: Nike / Our Legacy Work Shop
Nike пен швед маркасы Our Legacy Work Shop 2027 жылдың көктемінде жүгіруге арналған бірлескен желі шығарады. Оған ерлер мен әйелдерге арналған жаңа кроссовкалар мен киім үлгілері кіреді. Nike айтуынша, бұл архив үлгілерін қайта бояу емес, нөлден әзірленген бұйымдар.
Серіктестік туралы алғаш Business of Fashion хабарлады, деп жазады Hypebeast. Желінің идеясы — артық ештеңесі жоқ спорт киімі. Nike-тің жүгіру технологиялары Our Legacy-дің минималистік дизайнының астында жасырылған, ал маркаға тән деконструкция тігіс пен пішімді әдейі «бөлшектелген» етіп көрсетеді. Брендтер коллекцияны «тәулік бойғы атлетке» арнайды. Яғни таңертең жүгіріп, кешке дейін киімін ауыстырмайтын адамға.

«Бұл бұрыннан бар нәрсеге жай ғана жаңа түс жағу емес. Бәрі нөлден жасалды», — деді Nike-тің коллаборациялар жөніндегі вице-президенті әрі креативті директоры Джаррет Рейнольдс. Our Legacy тарапынан жобаны марканың негізін қалаушылардың бірі Йокум Халлин басқарады.
Сатылым туралы не белгілі
Үлгілердің атауын, технологиялары мен бағасын брендтер әзірге жарияламады. Іске қосудан бұрын Nike мен Our Legacy шектеулі тизер жобаларын шығарады: қоймада қалған маталардан тігілген бұйымдар мен қайта өңделген винтаж Nike киімдері. Негізгі желі екі брендтің сайтында және әлем бойынша таңдаулы дүкендерде сатылымға шығады.
Our Legacy Стокгольмде құрылған. Hypebeast дерегінше, 2024 жылы LVMH миноритарлық инвестиция салғаннан кейін марканың сатылымы $50 млн-нан асты. Бұл коллаборация бас директор Эллиотт Хилл тұсында Nike-тің күнделікті киюге болатын жүгіру киіміне бет бұруымен үндес. Жақында бренд осы бағытта Nike Tech желісін қайта шығарды. Коллаборацияның Қазақстанда сатылатыны туралы брендтер хабарламады.
Дереккөздер: Hypebeast — Nike мен Our Legacy Work Shop жүгіру желісі туралы хабарлама



