
Дрондар екі күнде Yandex-тің екі дата-орталығын істен шығарды
Екінші соққы компания Ресейдегі ең ірі орталық ретінде салған, қуаты 63 МВт, 3800-ден астам сервер тірегі бар Калугадағы нысанға тиді.
Фото: The Register
Украин ұшқышсыз аппараттары екі күн ішінде Ресейдегі Yandex-тің екі дата-орталығына шабуыл жасады. Сасоводағы алғашқы соққыдан кейін компания нысанның жұмысын толық тоқтатты. Сервисті тез қалпына келтіру мүмкін емес екенін де ескертті. Екінші болып Калугадағы орталық зардап шекті, ал Yandex оны елдегі ең ірі орталық ретінде салған.
Сасоводағы дата-орталық Мәскеуден оңтүстік-шығысқа қарай шамамен 300 км жерде орналасқан. Yandex-тің айтуынша, дрон шабуылынан кейінгі өрт Yandex Cloud инфрақұрылымының бір бөлігін зақымдады. «Дата-орталықтың жұмысы толық тоқтатылды», — деп хабарлады компания. Мәртебе бетінде ru-central1-b қолжетімділік аймағы өшірулі тұр.
Yandex бұлт клиенттеріне «қалпына келтірудің балама жоспарларын» ұсынды, соның ішінде өзінің жеке серверлерін. Алайда сервисті жақын арада қайтару мүмкін емес екенін мойындады. The Register келтірген Reuters деректеріне қарағанда, Yandex нысанды мүлде қалпына келтіруге бола ма, оған сенімді емес.
Калугаға соққы
Бір күннен кейін дрондар Калуга маңындағы «Грабцево» индустриялық саябағындағы дата-орталыққа шабуыл жасады. Ол 2023 жылдың екінші жартысында бұлттық бизнесті кеңейту үшін іске қосылған. Кешеннің ауданы шамамен 130 мың шаршы метр, қуаты 63 МВт, ішінде 3800-ден астам сервер тірегі бар.
Tom’s Hardware сілтеме жасаған ресейлік ТАСС агенттігі орталықтың бірнеше модулі «толықтай пайдаланудан шыққанын» хабарлады. Шабуылдың нысанасы дәл осы орталық болғаны ресми расталмады. Калугада қандай сервистер зардап шеккенін компания нақтыламады.
Сасоводағы соққыдан кейін пайдаланушылар Yandex-тің Пошта, Диск, Құжаттар, Pay және Маркет сервистеріндегі ақауларға шағымданды. Компанияның өзі негізгі сервистер жұмыс істеп тұрғанын мәлімдеді. The Register дерегінше, іздеу, пошта және карталар зардап шекпеген.
Бұлт үшін неге маңызды
Әдетте бұлт клиенттеріне жүктемені әртүрлі аймақтар мен өңірлерге бөлуге кеңес береді. Сонда бір нысан істен шықса да, жұмыс тоқтамайды. Ресейде бұл кеңес нашар жұмыс істейді. Себебі санкцияларға байланысты шетелдік провайдерлер нарықта жоқ, ал жергілікті операторлар аз. Yandex Сасоводағы орталықты есептен шығарса, бұл биыл дронның кесірінен нысанынан айрылған екінші бұлт провайдері болады. Бұған дейін AWS иран ұшқышсыз аппаратының соққысынан кейін Бахрейндегі дата-орталығын қалпына келмейді деп таныған.
Бұл соққылар Ресей мен Украинаның цифрлық инфрақұрылымына жасалып жатқан шабуылдар сериясының бір бөлігі. Сәл бұрын ресейлік зымырандар украин нысанына тиіп, әлемдегі екінші ірі торрент-трекер өшіп қалған. Yandex сервистері Қазақстанда да бар, таксиден жеткізуге дейін. Мысалы, компания Алматыда дронмен жеткізуді сынаған. Ресейден тыс пайдаланушыларға салдары туралы Yandex хабарламады.
Дереккөздер: The Register — Сасоводағы дата-орталыққа шабуыл және Yandex мәлімдемелері, Tom’s Hardware — Калугадағы дата-орталыққа соққы



