
«Дипломат» телехикаясы бесінші маусымға ұзартылды
Премьераға дейін болашақ туралы үндемеген сериал авторы Дебора Кан шоураннер болып қала береді.
Фото: Nick Wall/Netflix
Netflix Кери Расселл ойнайтын «Дипломат» саяси триллерін бесінші маусымға ұзартты. Стриминг бұл туралы 29 қазанда хабарлады. Бұл төртінші маусым премьерасынан екі апта өткен соң болды, ал премьера 15 қазанда шыққан еді. Жаңа маусымның толық мәліметін Netflix кейін жариялайды.
Шешімге көрсетілім саны себеп болды. Төртінші маусым алғашқы аптада 4,8 млн рет көрілді. Сөйтіп, Netflix-тің ағылшын тіліндегі телехикаялар чартында бесінші орынға шықты. Үшінші маусым да дәл осындай нәтижемен басталған. Екінші аптада көрсетілім 5,5 млн-ға жетті. Сериал жаһандық топ-10-да үшінші орынға көтеріліп, 63 елде ондыққа енді.
Төрт маусым ішінде «Дипломат» Netflix топ-10-ында 13 апта болды, 87 елде ондыққа кірді. 2023 жылғы сәуірдегі дебюттен бері сериалды 130 млн-нан астам рет көрген. Netflix дерегінше, төртінші маусым шыққаннан кейінгі 13 күнде әлеуметтік желідегі қамту бойынша шоудың рекордын жаңартты.

Әзірге тек Дебора Канның оралатыны белгілі. Сериалды сол ойлап тапқан, сценарийін де өзі жазады, шоураннер қызметінде де қалады. Төртінші маусым шықпай тұрып, бесінші маусым жайлы сұраққа Кан: «Сұрай беріңіз, бірақ мен жауап бере алмаймын», — деген еді.
Басты рөлдерде Кери Расселл (елші Кейт Уайлер), Руфус Сьюэлл (вице-президент Хэл Уайлер), Эллисон Дженни (президент Грейс Пенн) және Брэдли Уитфорд (Тодд Пенн) ойнайды. «Дипломат» «Эмми» сыйлығына жеті рет ұсынылған. Дженни екінші пландағы рөлі үшін мүсінше алды, ал Расселл үшінші маусым үшін Actor Award иеленді.
Бесінші маусымның шығу күнін Netflix атаған жоқ. What’s on Netflix басылымының болжамынша, түсірілім 2027 жылдан ерте басталмайды. Сондықтан премьера 2027 жылдың соңында немесе 2028 жылы шығуы мүмкін. Төрт маусымның бәрін Қазақстандағы Netflix арқылы көруге болады.
Дереккөздер: What’s on Netflix — «Дипломаттың» ұзартылуы және көрсетілім статистикасы, TheWrap — Netflix-тің бесінші маусым туралы хабарламасы



