К содержанию
Ақылды. Пайдалы. Кейде байыпсыз.
Bose құлаққап өндірушісі Skullcandy-ді сатып алды

Bose құлаққап өндірушісі Skullcandy-ді сатып алды

Мәміле сомасы жария етілмеді, ал Skullcandy Парк-Ситидегі штаб-пәтерімен жеке бренд ретінде жұмысын жалғастырады.

Фото: Bose

Американдық Bose 21 қазанда құлаққап, гарнитура және колонка шығаратын Skullcandy компаниясын сатып алғанын жариялады. Сатушы — Коннектикуттағы Mill Road Capital инвестициялық компаниясының қоры. Тараптар мәміле сомасы мен басқа қаржылық шарттарын құпия ұстады.

Skullcandy Bose-тың премиум тұтынушылық аудио бөлімшесіндегі жеке бренд болады. Штаб-пәтер Юта штатындағы Парк-Ситиде қалады. Bose бренд өсуіне қаржы салып, оған өз технологияларын, әлемдік дистрибуциясы мен коммерциялық байланыстарын ұсынуға уәде береді.

Bose-қа арзан бренд не үшін керек

Bose қымбат құлаққаптары мен акустикасымен танымал. Ал Skullcandy қолжетімдірек техника сатады және өзін аудиодағы алғашқы «лайфстайл» бренд деп атайды. Компания 2003 жылы Парк-Ситиде құрылған, тамыры экстремалды спорт мәдениетінен бастау алады.

Bose бас директоры Лила Снайдер мәмілені көбірек адамды қамту ниетімен түсіндірді. Оның сөзінше, Bose тек өз өнімдері арқылы емес, технологиялық серіктестік пен брендтер портфелі арқылы да кеңейіп жатыр. «Жеке компания ретінде біз өзіміз сенетін іске батыл, ұзақ мерзімді инвестиция сала аламыз, Skullcandy — соның жақсы мысалы», — деді Снайдер.

Кітап үстінде жатқан Skullcandy Crusher 1080 құлаққабы
Сурет: James Trew / Engadget

Компаниялар бұған дейін де бірге жұмыс істеген. Skullcandy Crusher 1080 моделі Sound by Bose серіктестігі аясында шықты. Енді тараптар жаңа өнімдерді бірге жасауға уәде береді.

«Бұл Skullcandy мен біздің жанкүйерлеріміз үшін жеңіс деп санаймыз», — деді Skullcandy бас директоры Брайан Гарофалоу. Оның айтуынша, бірігу өнімдерге Bose аудиотехнологияларын көбірек қосуға мүмкіндік береді.

Енді компания портфеліне Bose-тан бөлек McIntosh, Sonus faber және Skullcandy кіреді. Skullcandy басшылығының өзгеруі, баға мен ассортимент туралы, соның ішінде Қазақстанда, компаниялар ештеңе айтқан жоқ.

Дереккөздер: Bose — Skullcandy-ді сатып алу туралы пресс-релиз, Engadget — Bose Skullcandy-ді сатып алды