
Apple App Store-да ЖИ «шешіндіргіштерге» тосқауыл қойды
Қосымша кодына жасырылған функциялар үшін әзірлеуші енді қосымшасынан ғана емес, бүкіл аккаунтынан айырылуы мүмкін.
Фото: Apple / 9to5Mac
Apple 16 қазанда App Store-дағы қосымшаларды тексеру ережелерін жаңартты. Компания пайдаланушыларға контент жасауға және жариялауға мүмкіндік беретін сервистерге талапты күшейтті, қосымшалардағы жасырын функцияларға тыйым салды. Басты нысана — суреттегі адамды ЖИ көмегімен «шешіндіретін» қосымшалар және нақты мүмкіндіктерін тексерушілерден жасыратын бағдарламалар.
Пайдаланушы контенті туралы 1.2-бөлімге Apple адамның келісімінсіз жасалған немесе жарияланған интимдік суреттерді қосты. Бұрын онда басты мәселелер ретінде авторлық құқықты бұзу мен анонимді қорлау аталған. Әзірлеуші қажетті сүзгілерді орнатпаса немесе ескертуден кейін бұзушылықты түзетпесе, Apple мұны әзірлеушінің мінез-құлық кодексін бұзу деп санайды.
Жаңа 2.5.19-бөлім қосымшаға жасырын, «ұйқыдағы» немесе құжатталмаған функцияларды енгізбеуді тікелей талап етеді. Оларды кодқа, соның ішінде обфускация арқылы, яғни кодты әдейі шатастыру арқылы жасырса, қосымша App Store-дан жойылады, ал әзірлеуші аккаунты жабылады. Ұқсас тыйым 2.3.1-бөлімде бұрын да болған, енді ол қатаңырақ жазылды. Сондай-ақ Apple тексеру кезінде өзін зиянсыз етіп көрсетіп, «шешіндіру» сияқты қауіпті функцияларын мақұлданғаннан кейін ғана ашатын қосымшаларға жаза белгіледі.
Тағы бір өзгеріс 5-бөлімге қатысты. Адам саудасына немесе балаларды қанауға көмектесетін қосымшалар App Store-дан жойылып, баламалы тарату жолдарына да жабылады.
Apple-ға қысым жыл бойы күшейді. Қаңтарда Tech Transparency Project App Store-дан ондаған ЖИ «шешіндіргішті» тапты. Сәуірде дүкеннің іздеу кеңестері мен жарнамасы пайдаланушыларды соларға өзі бағыттайтыны белгілі болды. Шілдеде Сан-Франциско билігі осындай сегіз сервисті жоюды талап етті. Сол жазда 9to5Mac Бразилиядағы бүркемеленген казиноларды тапты: олар тек бразилиялық IP-мекенжайдан ашылғанда ғана бәс тігу платформасына айналатын.
Grok төңірегінде де дау болды. Қаңтар мен сәуірде X пен Grok-ты дүкеннен алып тастау туралы үндеулер айтылды, кейін Apple xAI-ды жеке ескерткенін растады.
Дереккөздер: 9to5Mac — App Store-дың жаңа ережелері



