
Әлемдегі ең семіз адам: ол кім және қанша салмақ тартқан
Тарихтағы ең ауыр адам — америкалық Джон Брауэр Миннок, оның салмағы шамамен 635 кг болған. Оның және басқа рекордшылардың тағдыры: 542 кг тастаған Халид Шаариден Хуан Педро Франкоға дейін.
Бақылау тарихындағы ең семіз адам — америкалық Джон Брауэр Миннок. 1978 жылы дәрігерлер оның салмағын шамамен 635 кг деп бағалаған, бұл рекордты 45 жылдан астам ешкім жаңарта алған жоқ. Мұндай салмақтың артында әрдайым ауыр дерт тұрады, ешқандай «жетістік» емес. Сондықтан төменде қызық рейтинг емес, өз денесінің тұтқынына айналған адамдардың тағдыры мен олардың немен аяқталғаны жазылған.
Джон Брауэр Миннок — тарихтағы ең ауыр адам

Миннок 1941 жылы АҚШ-тың Вашингтон штатында туған, бала кезінен құрдастарына қарағанда салмақты тез қосқан: 12 жасында 133 кг, ал 22 жасында 185 см бойымен 178 кг тартқан. Ол такси жүргізген, үйленген, ұзақ уақыт қарапайым өмір сүрген.
1978 жылдың наурызында 37 жастағы Миннокты жүрек пен тыныс жетіспеушілігімен ауруханаға жатқызды. Оны үйден шығару үшін өрт сөндірушілер терезені алып тастады, ал тасымалдауға ондан астам құтқарушы мен арнайы жасалған зембіл керек болды. Сиэтлдегі Вашингтон университетінің медициналық орталығында оны қатар қойылған екі төсекке жатқызды, жай ғана аударып жатқызудың өзіне 13 адам жұмылдырылды.
Оны таразыға салу мүмкін болмады, сондықтан 635 кг деген санды эндокринолог Роберт Шварц есептеп шығарды. Дәрігерлердің бағалауынша, бұл салмақтың едәуір бөлігі ісіну еді. Тәулігіне 1200 ккал болатын аурухана диетасымен Миннок шамамен екі жылда 419 кг-дай салмақ тастады — ол кезде бұл тіркелген ең үлкен арықтау болатын — және ауруханадан 216 кг болып шықты.
Нәтижені сақтап қалу мүмкін болмады. 1981 жылдың қазанында ол қайтадан ауруханаға түсті, бұл жолы салмағы 432 кг еді, дәрігерлердің айтуынша, соның 90 кг-ға жуығын бір аптада ғана қосқан. Миннок 1983 жылдың қыркүйегінде 41 жасында қайтыс болды, сол кезде салмағы шамамен 362 кг болған.
Салмағы рекордтық болған басқа адамдар
Медицина тарихында 500 кг шегінен асқандар саусақпен санарлық. Олардың көбінің салмағы Миннок сияқты шамамен бағаланған, сондықтан түрлі дереккөздердегі сандар ондаған келіге айырмашылық беруі мүмкін.
Халид ибн Мухсен Шаари (Сауд Арабиясы) — шамамен 610 кг

2013 жылы 22 жастағы Халидтің салмағы 610 кг-ға жуықтап, ол үш жылға жуық төсектен тұра алмаған. Абдалла патша оны емдеуге Эр-Риядқа алып келуді бұйырды: жігітті үйден кран мен жүк тиегіш көтеріп шығарды, ал арнайы жабдықталған төсекпен тасымалдады.
Одан кейін асқазанды шунттау, қатаң диета, физиотерапия және дәрігерлер бақылауымен ұзақ жылғы оңалту басталды. БАҚ деректері бойынша, 2024 жылға қарай Халид 542 кг тастап, салмағы 63 кг-ға жуық болған — бұл сипатталған ең үлкен арықтаудың бірі. Мейірбикелер оны «күлімдеген адам» деп атап кеткен.
Мануэль Урибе (Мексика) — шамамен 597 кг

1990 жылдарға дейін Урибе жазу машинкаларын, калькуляторлар мен компьютерлерді жөндеген. Отырып істейтін жұмыс пен шамадан тыс тамақтану өз дегенін істеді: 2001 жылдан бастап ол төсектен тұрмады, ал 2006 жылы Гиннесс рекордтар кітабына 560 кг салмақпен тірі адамдардың ең ауыры ретінде енді (кей деректер бойынша, ең жоғарғы салмағы 597 кг-ға жеткен).
Диетологтардың көмегімен ол 230 кг-дай тастады, жүк көлігінің платформасына орнатылған төсекпен көшеге шықты, 2008 жылы үйленді. Бірақ ұзақ жылғы семіздіктің зардабын қайтару мүмкін болмады: Урибе 2014 жылы 48 жасында қайтыс болды.
Хуан Педро Франко (Мексика) — шамамен 595 кг

2017 жылы Гиннесс рекордтар кітабы Агуаскальентестен шыққан Франконы 595 кг салмақпен әлемдегі ең ауыр адам деп таныды. Ол қант диабетімен, гипертониямен және қалқанша без ауруларымен ауырып, жылдар бойы төсектен тұрмаған.
Рекордтан кейін Франко бариатриялық операциялардан өтіп, хирург Хосе Антонио Кастаньеданың басшылығымен кешенді ем алды, уақыт өте келе сүйенішпен жүре бастады. Бірақ бұл оқиға бақытты аяқталмады: 2025 жылдың желтоқсанында Хуан Педро Франко 41 жасында қайтыс болды — дәрігерінің айтуынша, бүйрек инфекциясының асқынуынан.
Кэрол Ягер (АҚШ) — расталған салмағы 545 кг

Кэрол Ягерді тарихтағы ең ауыр әйел деп санайды. Баспасөздің бағалауынша, ең жоғарғы салмағы 700 кг-нан асуы мүмкін, бірақ расталған көрсеткіш — 545 кг-ға жуық. Бірде ауруханада үш ай қатаң диета ұстап, операциясыз 236 кг-дай тастаған, алайда үйге оралған соң салмақ қайта қосылды. Кэрол 1994 жылы 34 жасында ағзалар жеткіліксіздігінен қайтыс болды.
Уолтер Хадсон (АҚШ) — шамамен 543 кг

Нью-Йорктік Хадсонның салмағы 543 кг-ға жуық болған, ол Гиннесс рекордтар кітабына ең үлкен бел шеңберімен — 302 см — енген. Ол жиырма жылға жуық үйден шықпады, ал 1987 жылы жуынатын бөлменің есігіне қысылып қалып, оны өрт сөндірушілер шығарып алды. Хадсон 1991 жылы 47 жасында қайтыс болды.
Фрэнсис Джон Ланг, яғни Майкл Уокер (АҚШ) — шамамен 538 кг

Ланг өз сөзінше, Кореяда әскери қызметте жүргенде 68 кг-дай ғана болған, ал кенет семіре бастауын тәбетін тежеусіз еткен дәріге байланыстырған. 188 см бойымен ол 1971 жылға қарай шамамен 538 кг-ға жетті — Гиннесс рекордтар кітабы бұл санды ресми өлшеусіз, фотосуреттер бойынша қабылдаған.
Ланг көрермендер қарайтын терезелері бар жылжымалы үй сатып алып, жәрмеңкелерді аралап, өзін көпшілікке көрсетіп жүрді. 1980 жылға қарай ол операциясыз 170 кг-ға дейін арықтады.
Эман Ахмед Абд эль-Ати (Мысыр) — шамамен 500 кг

Александриялық Эманның бойы 141 см болған, ал салмағы отбасының айтуынша, 500 кг-ға жуық еді. Қалқанша без ауруына байланысты ол мектепті ерте тастап, соңғы 25 жылда үйден шықпауға жақын болды. 2017 жылдың ақпанында оны Мумбайға алып барып, Saifee ауруханасында бариатриялық операция жасады. Үнді дәрігерлері ол 300–325 кг-дай тастады деп хабарлады, бірақ туыстары бұл сандарға дау айтты.
2017 жылдың мамырында Эманды Әбу-Дабидегі Burjeel ауруханасына ауыстырды. Сол жерде ол 2017 жылғы 25 қыркүйекте 37 жасында асқынулардан — жүрек ауруы мен бүйрек жеткіліксіздігінен қайтыс болды.
Майкл Хебранко (АҚШ) — шамамен 499 кг

Хебранконы ең жоғарғы салмағынан гөрі арықтауы танымал етті. Фитнес-гуру Ричард Симмонспен 19 айда ол салмағын 411 кг-нан 90 кг-ға, бел шеңберін 290 см-ден 91 см-ге дейін азайтып, 1990 жылы Гиннесс рекордтар кітабына ең үлкен арықтау үшін енді. Бірақ формасын сақтай алмады: 1999 жылға қарай салмағы 499 кг-ға жуықтады. Хебранко 2013 жылы 60 жасында қайтыс болды.
Майра Розалес (АҚШ) — шамамен 470 кг

Техастық Майраны шулы сот ісі танытты: 2008 жылы оны екі жасар жиенінің өліміне айыптады — ол балаға абайсызда құлап түстім деп мойындаған. Сараптама бұл нұсқаға сай келмейтін жарақаттарды тапты, сонда Майра апасын қорғау үшін кінәні өз мойнына алғанын айтты. Нәтижесінде баланың өлімі үшін апасы 15 жылға сотталды.
Сот ісінен кейін Розалес бариатриялық хирург Юнан Новзараданнан ем алды (оның клиникасы «300 келілік өмір» шоуынан белгілі), асқазанды шунттау мен артық теріні алып тастау операцияларынан өтті. Өз сөзінше, ол шамамен 800 фунт (360 кг-дай) тастап, қайтадан жүре бастады. Майра Розалес 2024 жылдың ақпанында 43 жасында қайтыс болды.
Салмақ қашан ауруға айналады
ДДСҰ дене салмағының индексі 30-дан асса, семіздік деп, ал 40-тан асса, III дәрежелі немесе морбидті семіздік деп есептейді. Салыстырып көріңіз: Минноктың өмірінің соңында ДСИ 100-ден асқан, Эман Ахмедте 250-ге жеткен. Мұндай көрсеткіште жүрек, өкпе, буын мен бүйрек зардап шегеді, адам өзіне-өзі қарай алмай қалады.
Мәселе тек рекордшыларға қатысты емес. Finprom-ның 2024 жылғы деректері бойынша, қазақстандық ересектердің шамамен 56%-ында артық салмақ не семіздік бар, ал әлемде бұл көрсеткіш орта есеппен 45%. 300 кг-дан да арықтауға болады: Қазақстанда, мысалы, мұнымен воркаут-атлет Айтым Жақұпов құрған JanaMen реалити-мектебі айналысады. Аштықтан емес, дәрігерден және саналы тамақтанудан бастаған жөн — ақуыз, май және көмірсу нормасын қалай есептеу туралы бөлек жазғанбыз.
Жоғарыдағы оқиғалардың барлығын дерлік бір нәрсе біріктіреді: орасан салмақты тастауға болады, бірақ нәтижені сақтау әлдеқайда қиын. Сондықтан дәрігерлер семіздікті бір рет «түзетіп» қоятын нәрсе емес, жылдар бойы емделетін созылмалы ауру деп атайды.



