
Ешқашан темекі шекпеген 1,1 млн британдық вейп тартады
Ұлыбританияда электронды темекіні 5,4 млн ересек пайдаланады, ал вейп тартатындар онда темекі шегетіндерден көп.
Фото: Depositphotos / Kapital.kz
Ұлыбританияда ешқашан темекі шекпеген 1,1 млн адам электронды темекі пайдаланады. Бұл ешқашан шекпеген ересектердің 2,9%-ы. Бір жыл бұрын олар 2,7% болған, яғни шамамен 940 мың адам. 2025 жылғы деректерді 6 қазанда Ұлыбританияның Ұлттық статистика басқармасы (ONS) жариялады.
Жалпы алғанда вейпті күнде не анда-санда 16 жастан асқан 5,4 млн ересек, яғни 9,9%-ы пайдаланады. Сол сауалнама бойынша кәдімгі темекіні 8,7% шегеді. Электронды темекі кәдімгісін 2024 жылы басып озған еді, 2025 жылы да бұл айырма сақталды.
Кім вейп тартады
Вейп тартатындар ең көп 25–34 жас аралығында: 16,4%. Бір жылда бұл топтағы үлес 3,5 пайыздық тармаққа өсті, ал 2020 жылдан бері екі есеге жуық артты. Ерлер вейпті әйелдерден сәл жиі пайдаланады: 10,2% мен 9,6%. Темекіні тастағандардың әр бесіншісі, 20,7%-ы, вейп тартады.
Ал темекі шегу азайып келеді. 2025 жылы Біріккен Корольдіктегі ересектердің 9,8%-ы, шамамен 4,9 млн адам темекі шекті. 2024 жылы олар 10,6%, 2011 жылы 20,2% болған. Ерлер әйелдерден жиі шегеді: 11,3% мен 8,2%. Темекі шегу 18–24 жастағы жастар арасында ең көп азайды: 2011 жылғы 25,7%-дан 7,2%-ға дейін.
Бұдан не шығады
Темекінің танымалдығы төмендеп жатыр, бірақ никотин британдықтардың өмірінен кетпей тұр. Ешқашан шекпегендер арасында вейп тартатындардың көбеюі кей адамдардың никотинмен кәдімгі темекіні айналып өтіп, бірден электронды темекі арқылы танысатынын көрсетеді.
ONS деректері сауалнамаға негізделген. Олар құбылыстың ауқымын көрсетеді, денсаулыққа зиянын емес. Бұрын темекі шекпегендер үшін вейптің қаншалықты қауіпті екеніне бұл статистика жауап бермейді.
Қазақстанның ұстанымы басқа. 2024 жылғы 20 маусымнан бастап елде электронды темекіні әкелуге, өндіруге және сатуға тыйым салынды, ал оны сатқаны және таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Вейптің өзін пайдаланғаны үшін жаза жоқ.
Дереккөздер: ONS — Ұлыбританиядағы ересектердің темекі шегуі мен вейп тартуы, 2025, The BMJ — темекі шекпейтін миллион британдық вейп тартады, Informburo — Қазақстандағы вейпке тыйым, Tengrinews — неге тыйым салынды, неге салынбады



