
Apple сенсорлы OLED экранды жеңіл MacBook Pro әзірлеуде
Bloomberg мәліметінше, M5 Pro және M5 Max чиптері бар ноутбукты қараша аяқталғанша көрсетуі мүмкін, ал жаңа CEO Джон Тернус дизайн студиясына аптасына бірнеше рет өзі барады.
Фото: 9to5Mac
Apple OLED экраны мен сенсорлы басқаруы бар жаңартылған MacBook Pro дайындап жатыр, әрі ол қазіргі модельдерден «әлдеқайда жеңіл» болады. Бұл туралы Bloomberg журналисі Марк Гурман Power On таратылымында жазды. Оның дерегінше, ноутбукты бір ай ішінде, яғни 2026 жылғы қараша аяқталғанша таныстыруы мүмкін.
Apple салмақты ішкі құрылымды қайта жасау арқылы азайтқан. Нақты көрсеткішті Гурман айтпайды. Салыстыру үшін, қазіргі 16 дюймдік MacBook Pro 4,8 фунт, яғни шамамен 2,2 кг тартады. Ал 15 дюймдік MacBook Air салмағы 3,3 фунт, шамамен 1,5 кг.
MacBook Pro-да не өзгереді
- екі қабатты Tandem OLED экраны;
- MacBook Pro тарихында алғаш рет сенсорлы дисплей;
- iPhone-дағыдай Dynamic Island ойығы;
- M5 Pro және M5 Max процессорлары.
Гурманның айтуынша, Apple M7-ге тезірек көшу үшін M6 чипінің жоғары нұсқаларын өткізіп жібереді. Жанасуды және Dynamic Island-ты macOS қолдайтын болады, ал macOS 27.2 нұсқасы жаңа ноутбуктармен бірге шығуы керек. Бағасы әзірге белгісіз, Apple жоспарды ресми растаған жоқ.
Тернус дизайн студиясында
Сол таратылымда Гурман компанияны шамамен бір ай бұрын басқарған Apple CEO-сы Джон Тернус дизайнға терең араласып кеткенін айтты. Ол студияда аптасына бірнеше рет жұмыс істейді, кейде бір күннің өзінде бірнеше рет барады. Тернус екі негізгі команданы қадағалайды: өнеркәсіптік дизайн мен пайдаланушы интерфейсі. Салыстыру үшін, Тим Кук студияға айына бір рет қана соғатын.

Apple 2019 жылы кеткен Джони Айвтың орнына жаңа дизайн директорын іздемейді. Өнеркәсіптік дизайнды Молли Андерсон, интерфейстерді Стив Лемей басқарады. Алайда компания мамандарынан айырылып жатыр: Алан Дай Meta-ға ауысты, тағы бірнеше дизайнерді OpenAI өзіне тартты. Сондықтан Apple кіші қызметкерлерді жоғарылатып, сырттан маман жалдап жатыр.
OLED ноутбук Тернус кезінде шыққан алғашқы ірі өнімдердің бірі болмақ. Apple басшысының ауысуына қалай келгенін компания досьесінде жазғанбыз.
Дереккөздер: 9to5Mac — Марк Гурманның дерегі бойынша жаңа MacBook Pro туралы, 9to5Mac — Джон Тернустың Apple дизайнындағы рөлі туралы



