
Volkswagen ID. Polo Германияда жыл көлігі атанды
Базалық нұсқасы €24 995-тен басталады, ал сәуір соңынан бері тапсырыс саны 50 мыңнан едәуір асып кетті.
Фото: Volkswagen
Электрлі Volkswagen ID. Polo German Car of the Year 2027 атағын алды. Хэтчбек алдымен €25 000-ға дейінгі көліктер санатында озып, кейін жалпы есепте халықаралық бәсекелестерін жеңді. Дауысты 50-ге жуық неміс және шетелдік автожурналист берді.
Концерннің шағын электромобилі екінші жыл қатарынан жеңіп отыр: өткен жылғы жүлдені Škoda Elroq алған. Басқа санаттарда Kia PV5 (€25 000-нан €40 000-ға дейін) және Mercedes-Benz GLC Electric (€40 000-нан €70 000-ға дейін) жеңді, ал ең үздік спорттық көлік атағы Hyundai IONIQ 6 N-ге бұйырды.

Бренд басшысы Томас Шефердің айтуынша, сәуір соңынан бері ID. Polo-ға 50 мыңнан едәуір көп адам тапсырыс берген. Концерннің ID. Polo, ID. Cross, Cupra Raval және Škoda Epiq кіретін қалалық электромобиль отбасына маусымда сериялық өндіріс басталғалы 150 мыңға жуық тапсырыс түскен.
Баға мен батарея
- 37 кВт·сағ батареялы нұсқасы €24 995-тен басталады, WLTP бойынша 334 км-ге дейін жүреді.
- Сол батареямен Life және Style жиынтықтары €29 195-тен басталады.
- Жылдам зарядтау қуаты 90 кВт-қа дейін, 37 кВт·сағ нұсқасы 10%-дан 80%-ға дейін шамамен 23 минутта толады.

Модельдің Қазақстанға келетіні туралы ресми хабарланған жоқ. Тамызда бізде Volkswagen пен Jetta сата бастаған Orbis Auto бензинді TSI турбомоторларына сүйенеді, ал келесі қадам ретінде гибридтерді атайды. Алғашқы желіде ID. сериясы жоқ.
Шағын электромобильдің табысы электрлі Golf-тың тоқтатылуымен қарама-қайшы: компания басшысының айтуынша, оған Volkswagen-де қазір ақша жоқ.
Дереккөздер: Electrek — ID. Polo жеңісі, Digital Business — Volkswagen Қазақстанда



