К содержанию
Ақылды. Пайдалы. Кейде байыпсыз.
Netflix көңіл күйге қарай кино іздейтін ЖИ бөлімін қосты

Netflix көңіл күйге қарай кино іздейтін ЖИ бөлімін қосты

Әзірге оны АҚШ-та қолдау көрсетілетін теледидарда ағылшынша интерфейсті қолданатындар ғана алып жатыр.

Фото: Beata Zawrzel / NurPhoto / Getty Images

Netflix 3 қарашада AI Discover бөлімін таныстырды. Мұнда ЖИ көрерменнің көңіл күйіне қарай фильм мен сериал ұсынады. Алғашқы эксперименттік функция «жеңіл бірдеңе», «қорқыт», «отбасылық кеш», «тез көретін» сияқты тақырыптар береді. Таңдауды нақтылауға немесе «басқа бірдеңе» батырмасымен қайта бастауға болады.

Теледидардағы жоғарғы мәзірде қызыл белгісі мен «New» жазуы бар Discover батырмасы шығады. Әр туындының іске қосу және тізімге қосу батырмаларының жанында ұсыныстарды баптайтын Tune Your Recommendations пайда болады.

«Контентті табу тәсілін жылдар бойы жетілдіріп келдік, енді AI Discover оны зерттеудің жаңа жолына айналады», деп жазды Netflix блогында. Компания бөлімді өзінің «сынақ асханасы» деп атайды. Оның негізінде пайдаланушы айтқанына нақты уақытта жауап беріп, үйрене беретін жаңа зияткерлік қабат жатыр.

Көрермен пікіріне қарап Netflix қай функцияны қалдырып, негізгі сервиске көшіретінін шешеді. Бөлім АҚШ-та сервисті қолдау көрсетілетін теледидарда ағылшынша көретіндерге қосылып жатыр, ал алдағы апталарда басқа пайдаланушыларға да жетеді. Қазақстандағы мерзімі туралы компания әзірге хабарлаған жоқ.

Дереккөздер: TechCrunch — AI Discover бөлімі