
Бес орындық Freelander 8 Қытайда клиенттерге жете бастады
818 ат күшті кроссовер 309 900 юаньнан (шамамен 21,1 млн теңге) басталады, ал бензин моторы тек генератор қызметін атқарады.
Фото: Heiyu Xiansheng / CarNewsChina
31 қазанда Қытайда Freelander 8 көлігінің бес орындық нұсқасы клиенттерге беріле бастады. Бұл — Chery мен Jaguar Land Rover бірлескен кәсіпорны шығарған, бензин моторы генератор болып істейтін ірі кроссовер. Бағасы 309 900 юаньнан (шамамен 21,1 млн теңге) басталады.
Үш нұсқасы бар: Pro, Max және Max+. Прайс бойынша ең қымбаты 389 900 юань (шамамен 26,6 млн теңге) тұрады. Уақытша акциямен сол көліктер 289 900 юаньнан (шамамен 19,8 млн теңге) 369 900 юаньға (шамамен 25,2 млн теңге) дейін сатылып жатыр.
Модель Қытайда 3 қыркүйекте шығып, 12 сағатта 5000 нақты тапсырыс жинады. Үш қатарлы алты орындық нұсқасы клиенттерге 19 қыркүйекте жете бастаған, енді кезек бес орындыққа келді.

Капот астында не бар
Доңғалақты тек электр қозғалтқыштар айналдырады, ал 1,5 литрлік мотор ток өндіреді. Екі қозғалтқыш 610 кВт (818 ат күші) және 813 Н·м береді, көлік 100 км/сағ-қа 4,6 секундта жетеді. 60,3 кВт·сағ CATL батареясы Қытайдың CLTC циклі бойынша 310 км, WLTP бойынша 254 км жүріс береді. Ол 20%-дан 80%-ға дейін 12 минутта зарядталады, ал жанармай багы 60 литрлік.
Кроссовердің ұзындығы 5118 мм, доңғалақ базасы 3040 мм. Бес орындық нұсқаның жүксалғышына 935 литр сыяды, артқы орындықтарды жапса, 2330 литр шығады. Жабдығында пневмоаспа, артқы доңғалақтардың 10 градусқа бұрылуы, лидар және 48,3 дюймдік панорамалық экран бар. Көлік 2000 кг-ға дейінгі жүкті сүйрей алады.

Модельдің Қазақстанға шығатыны туралы ресми жарияланған жоқ.
Дереккөздер: CarNewsChina — бес орындық Freelander 8 жеткізілімі туралы, ҚР Ұлттық банкі — 2 қарашадағы юань бағамы



