
Intel акциялары 30%-ға құлап, чип нарығы $1 трлн жоғалтты
Сол күні Nvidia шамамен $270 млрд-қа арзандады, бұл Intel-дің өз шығынынан да көп.
Фото: The Register
Intel акциялары 30 қазан, жұма күні 30%-ға құлады. Себебі — компанияның жыл соңына берген әлсіз болжамы. Tom’s Hardware жазуынша, Intel бір күнде $150 млрд-қа жуық құнынан айырылды. Бұл — компания тарихындағы бір күндегі ең үлкен шығын. Intel-ден кейін бүкіл сала төмен түсті: Benzinga бағалауынша, жартылай өткізгіш компаниялары бір күнде шамамен $1 трлн нарықтық құнын жоғалтты.
Tom’s Hardware дерегінше, Intel капитализациясы $148,68 млрд-қа азайып, $338,91 млрд-қа түсті. Маусым айының ортасында компания рекордтық $673,43 млрд тұрған. Яғни төрт жарым айда нарық оның құнының жартысына жуығын жойды.
Неге сатып жатыр
Тоқсанның өзі жаман болған жоқ. Шілде–қыркүйекте Intel түсімі 21%-ға өсіп, $16,5 млрд болды. Серверлік және ЖИ өнімдерінің сатылымы 78%-ға артты. Алайда инвесторларды басқа нәрсе үркітті. Түсімнің жартысына жуығын беретін клиенттік процессорлар бөлімшесі $8,1 млрд тапты, бұл өткен жылдан 5% аз. ДК процессорларын жеткізу 14%-ға қысқарды.
Төртінші тоқсанға Intel $15–16 млрд түсім күтеді, яғни жаңа ғана аяқталған тоқсаннан төмен. Бас директор Лип-Бу Тан мұны жад тапшылығымен түсіндірді. «Соңғы апталарда клиенттер жадтың бағасы мен қолжетімділігіне байланысты ДК нарығы баяулайтынын байқата бастады», — деді ол. Оның болжамынша, келесі жылы ДК процессорлары нарығы 12%-ға кішірейеді.
Тағы бір мәселе — өндіріс. Intel-ге кремний пластиналары жетпейді. Сондықтан компания қуаттың бір бөлігін ДК чиптерінен серверлік чиптерге ауыстырады. Қаржы директоры Дэвид Зинснер клиенттер сұранысын «толық өтей алмауымыз мүмкін» деп мойындады. Оның айтуынша, 2027 жылдың бірінші жартысы екіншісінен қиын болады.
Тағы кім құлады
PHLX жартылай өткізгіш компаниялары индексі (SOX) сауданың ортасына қарай 9,14%-ға түсті. Intel-ден кейін ең көп құлағандар — Arm (12,68%), AMD (12,48%) және Qualcomm (12,14%). Micron 7,28%-ға, Broadcom 7,1%-ға, литограф жасайтын ASML 8,13%-ға арзандады.
Nvidia 5,66% жоғалтты, бірақ ақшамен бұл шамамен $270 млрд, яғни Intel шығынынан көп. Сервер өндірушілеріне де тиді: Dell 12,67%-ға, HPE 8,1%-ға түсті. Apple-ге әсері аз болды, оның акциялары 1,66%-ға ғана төмендеді.
$1 трлн — Benzinga-ның сауда ішіндегі бағасы, сауда жабылғандағы қорытынды шығын басқаша болуы мүмкін. Талдаушылар бұл сатылымды тек ДК нарығымен байланыстырмайды. Инвесторлар ЖИ инфрақұрылымына жұмсалатын орасан шығынның ақталатынына көбірек күмәнданып жүр.
ДК нарығы қысқарады деген болжамды Intel бейсенбіде, үшінші тоқсан есебін жариялағанда айтқан. Сатып алушылар үшін мұның мәні — жад тапшылығы компьютер бағасын әлі де көтере береді. Тан сөзінше, жад бағасы қалпына келмейінше, жағдай қиын күйінде қалады. Intel басшысы байлығын қалай тапқаны туралы — біздің досьеде.
Дереккөздер: Tom’s Hardware — Intel мен чип саласы акцияларының құлауы, The Register — Intel есебі мен болжамы



