Samsung бір тоқсанда 100 трлн воннан астам пайда тапты
Тоқсан ішінде Samsung өндіріс пен жабдыққа 29 трлн вон, шамамен 9,9 трлн теңге жұмсады.
Фото: Samsung
Samsung Electronics 29 қазанда 2026 жылғы үшінші тоқсанның қорытындысын жариялады. Операциялық пайда 107,4 трлн вонға (шамамен 36,7 трлн теңге) жетті. Компания өзін бір тоқсанда 100 трлн воннан астам пайда тапқан әлемдегі алғашқы технологиялық компания деп атады. Пайданың басым бөлігін жад чиптері әкелді, ал смартфондар мен желі бөлімшесі тоқсанды шығынмен аяқтады.
Түсім алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда 14%-ға өсіп, 195,3 трлн вонға (шамамен 66,7 трлн теңге) жетті. Бұл Samsung үшін тоқсандық жаңа рекорд.
Жад пен смартфон
DS жартылай өткізгіш бөлімшесі 147,1 трлн вон түсім мен 106,5 трлн вон (шамамен 36,4 трлн теңге) операциялық пайда тапты. Жад бизнесі түсім бойынша да, пайда бойынша да рекорд жаңартты. Яғни компанияның бүкіл операциялық пайдасының 99%-ын чиптер берді.
Смартфон, теледидар және тұрмыстық техниканы біріктіретін DX блогы түсімін бір тоқсанда 8%-ға арттырды. Алайда ол 0,8 трлн вон операциялық шығынға батты. Смартфондар мен желілік жабдық бірге 37,7 трлн вон (шамамен 12,9 трлн теңге) түсім әкелді, ал шығын 0,6 трлн вонды (шамамен 205 млрд теңге) құрады. Мобильді бизнестің жеке көрсеткішін Samsung жарияламайды.
Компанияның айтуынша, смартфон түсімін жаңа флагмандар, әсіресе бүктелмелі модельдер көтерді. Сатылымда қымбат модельдердің үлесі артқандықтан, пайда алдыңғы тоқсаннан өсті. Ал өткен жылмен салыстырғанда шығын көбейіп, пайда азайды. Қандай шығын өскенін Samsung нақтыламады.
Теледидар мен тұрмыстық техника 13,9 трлн вон түсім әкеліп, 0,2 трлн вон шығынға шықты. Samsung Display 8 трлн вон түсіммен 1,1 трлн вон пайда тапты.
Алдағы жоспар
Төртінші тоқсанда мобильді бөлімше Galaxy S26, Galaxy Z Fold8 Ultra және Z Fold8 сатылым маусымына сенеді. Пайдаға төнген қауіпті компания барлық бизнес-процесті үнемдеу арқылы азайтпақ. 2027 жылы Samsung модельдер қатарын жақсартып, жаңа форм-факторларды дамытуды және пайданың одан әрі түсуіне жол бермеуді көздейді.
Жад рекордтары Samsung-тың басты бәсекелесінің ескертуімен тұспа-тұс келді. Бір күн бұрын SK Hynix жад тапшылығын 2030 жылға дейін күтетінін айтты. Сұраныс ұсыныстан асып тұрғанда, чип өндірушілер бағаны жоғары ұстай алады.
Дереккөздер: Samsung Newsroom — 2026 жылғы үшінші тоқсан қорытындысы, Қазақстан Ұлттық банкі — 29 қазандағы вон бағамы



