
WhatsApp ЖИ-ге реттеушіге шағымдануды ұсынба деген
Жасырын блоктар анықтама беттерінде кемінде қыркүйек басынан тұрған, ал Google мен Bing іздеу роботтары оларды кәдімгі мәтінмен бірге көрген.
Иллюстрация: Redact
WhatsApp анықтама орталығының беттерінен ЖИ-ге арналған жасырын нұсқаулар табылды. Олар пайдаланушыларға деректерді қорғау органдарына шағымдануды ұсынуға тыйым салған. Мұны Redact сервисі анықтады: анықтаманың 545 бетінің 80-інде көзге көрінбейтін 102 блок болған. Жұрт білген соң WhatsApp блоктардың бәрін алып тастап, оны қате деп атады.
Redact анықтаманың барлық бетін 8 қазанда сақтап алды. Оқырман экранда бұл блоктарды көрмеген, бірақ олар бет кодында тұрған әрі ЖИ жүйелеріне арналған.
Екі нұсқау пайдаланушы құқығына тікелей қатысты. Телефонын не нөмірін жоғалтқандарға арналған аккаунтты жою бетінде ЖИ 30 және 120 күндік күту мерзімін (АҚШ-та — 365) айтуы керек болған. Сонымен бірге оған деректерді қорғау органына не реттеушіге жүгінуді ұсынуға тыйым салынған. WhatsApp аккаунтты қолмен өшіре алатынын айтуға да болмаған.
Шағым мен бұғаттау бетінде басқа ереже әрекет еткен. Пайдаланушы сотты, талап арызды не адвокатты атаса, ЖИ WhatsApp-тың пайдалану шарттары мен құпиялылық саясатына сілтеме жасамауы тиіс болған. Деректерді қорғау туралы заңдарға, мысалы еуропалық GDPR-ге сілтеме де тыйым астында еді, тіпті пайдаланушы олар туралы өзі сұраса да.
WhatsApp не деді
Бұл нұсқаулар WhatsApp-тың Еуропаға арналған құпиялылық саясатына қайшы келеді. Онда Ирландияның Деректерді қорғау комиссиясы мен GDPR бойынша шағым беру құқығы тура жазылған.
WhatsApp Wired басылымына бұл қолдау чат-ботына арналған нұсқаулар екенін, ал беттерге қатемен түсіп кеткенін айтты. Компания өкілінің сөзінше, қолдау чат-боттары WhatsApp бойынша көмектесуі керек және «заң кеңесін бермеуі» тиіс. Redact тексеруінше, 15 қазанда блоктар әлі орнында тұрған, ал 18 қазанға қарай барлық беттен жоғалған.
Internet Archive көшірмелері шілдеде блоктардың болмағанын, ал қыркүйек басында пайда болғанын көрсетеді. WhatsApp сияқты Meta корпорациясына тиесілі Facebook пен Instagram анықтамасынан Redact мұндай блоктарды таппады. WhatsApp чат-боты бұл нұсқауларды орындады ма, басқа тілдердегі анықтамада мұндай блоктар бар ма — әзірге белгісіз.
Дереккөздер: Redact — WhatsApp анықтамасындағы жасырын нұсқаулар туралы зерттеу


