
Foxconn Mitsubishi Electric автобизнесінің жартысын алады
Серіктестер Жапонияда электромобиль платформаларын жасап, оларды алдымен жапон автоөндірушілеріне, кейін бүкіл әлемге сатпақ.
Фото: Electrek
Тайваньдық Foxconn Mitsubishi Electric-тің автомобиль бөлімшесінің 50%-ын 115 млрд иенаға (шамамен $727 млн, яғни шамамен 329 млрд теңге) сатып алмақ. Түпкілікті келісімге Foxconn-ның Lin Yin International Investment инвестициялық құрылымы қол қойды. Mitsubishi Electric Mobility компаниясы тең үлесті бірлескен кәсіпорынға айналады. Мәміле монополияға қарсы ведомстволар тексергеннен кейін 2027 жылғы 1 қазанда жабылуы тиіс.
Бөлімше қарызымен қоса 320 млрд иенаға (шамамен 915 млрд теңге) бағаланды. Меншікті капиталының құны 230 млрд иена болды, бұл шамамен 352 млрд иеналық таза активтен аз. Сондықтан Mitsubishi Electric осы қаржы жылында 100 млрд иенаны (шамамен 286 млрд теңге) есептен шығаруды күтеді.
Foxconn не сатып алады
Mitsubishi Electric Mobility — бірінші деңгейдегі дәстүрлі жеткізуші. Компанияның электромобиль бизнесі шағын, түсімінің негізгі бөлігі кәдімгі көліктерден келеді. Бөлімше мыналарды шығарады:
- генераторлар, стартерлер және мотор-генераторлар;
- қозғалтқыш пен беріліс қорабын басқару блоктары, от алдыру катушкалары, отын модульдері;
- рөлдің электр күшейткішінің моторлары мен блоктары;
- радарлар, алдыңғы камералар және жүргізушіге көмектесетін жүйелердің басқару блоктары;
- тартқыш электр моторлары, инверторлар, аккумуляторды басқару жүйелері және борттық зарядтау құрылғылары.
Наурызда аяқталған қаржы жылында бөлімшенің түсімі 875,6 млрд иена (шамамен 2,5 трлн теңге), операциялық пайдасы 54,4 млрд иена болды. Екі көрсеткіш те төмендеді. Биылғы жылы компания 820 млрд иена түсім күтеді. Қуатты жартылай өткізгіштер мәмілеге кірмейді, өйткені Mitsubishi Electric бұл бизнесті Rohm және Toshiba-мен біріктіруді талқылап жатыр.
Бұл Foxconn-ға не үшін керек
Серіктестер Mitsubishi Electric-тің электр жетегін, бағдарламалық жасақтамасы мен басқару жүйелерін Foxconn-ның жылдамдығы мен ауқымымен біріктірмек. Мақсат — Жапонияда электромобиль платформаларын жасап, оларды алдымен жапон автоөндірушілеріне, кейін бүкіл әлемге сату. Foxconn-ның электромобиль жөніндегі бас стратегі, бұрын Nissan-да басшы болған Дзюн Сэки мәміледегі «ең тартымды нәрсе» Mitsubishi-дің басқару электроникасы екенін айтты. Оның сөзінше, Foxconn Mitsubishi Electric-ті «Жапониядағы тірегіне» айналдырып, басқа бөлшек және автокөлік өндірушілерін тартқысы келеді.
Foxconn-ның автомобиль жоспарлары осы уақытқа дейін ілгерілей алмай келді. 2020 жылы компания төрағасы Янг Лю 2025–2027 жылдары әлемдегі электромобильдердің 10%-ына бөлшек не қызмет жеткізуді мақсат еткен. Fisker банкрот болған соң Foxconn GM-нен сатып алған Лордстаундағы зауытты 2025 жылы $375 млн-ға сатып жіберді. Ал 2025 жылдың басында Nissan-нан үлес алу туралы келіссөз нәтижесіз аяқталды.
Дереккөздер: Electrek — Foxconn Mitsubishi Electric Mobility-дің жартысын сатып алады



