К содержанию
Ақылды. Пайдалы. Кейде байыпсыз.
Байтұрсынұлының «Маса» жинағы ағылшынша шықты

Байтұрсынұлының «Маса» жинағы ағылшынша шықты

Аудармашы қазақ тілін Моңғолияда, Бейбітшілік корпусының еріктісі болып жүргенде үйрене бастаған.

Кадр: 24KZ

Ахмет Байтұрсынұлының «Маса» өлеңдер жинағы алғаш рет ағылшын тілінде жарық көрді. Кітапты америкалық жазушы әрі оқытушы Джейк Заулаки (Jake Zawlacki) аударды. Жинақты АҚШ-тағы Academic Studies Press баспасы Mosquito деген атпен шығарды. Аудармашы кітапты өзі магистр дәрежесін алған Стэнфорд университетінде таныстырды.

«Маса» алғаш 1911 жылы басылып, 1922 жылы толықтырылды. Жинаққа 36 өлең енген. Олардың көлемі алты жолдан 150-ден астам жолға дейін жетеді. Баспа бұл кітапты Байтұрсынұлының ең ашық саяси шығармасы деп атайды. Ақын оны әлі қалыптаспаған қазақ ұлтына арнаған.

«Маса» жинағының ағылшынша аудармасы Mosquito кітабының мұқабасы
Сурет: Academic Studies Press

Ағылшынша басылым 2026 жылғы 17 наурызда шықты. Кітап 200 беттен тұрады. Жұмсақ мұқабалы нұсқасы 24,95 доллар, қатты мұқабалысы 49,95 доллар тұрады, электрондық нұсқасы да бар.

Заулаки қазақ тілін 2015 жылы Моңғолияда Бейбітшілік корпусының еріктісі болып жүргенде үйрене бастаған. Кейін Баян-Өлгийде тұрды, ал Алаш қозғалысының мұрасын Астанадағы Назарбаев университетінде зерттеді. Оның айтуынша, ескі емлені, араб және парсы сөздерін, өлең өлшемі мен ұйқасын жеткізу ең қиын болған.

Аудармашы баспа іздеуге бір жылдан астам уақыт жұмсады. «АҚШ-та Орталық Азия әдебиетіне маманданған баспа аз», дейді ол 24KZ арнасына. Кітаптың бір бөлігін краудфандинг арқылы қаржыландырды. Моңғолиядан әкелген заттарын сатып, достарынан көмек сұрады. Нәтижесінде жоспарланғаннан көп қаражат жиналды.

«Ақын өз халқының жарқын болашағына сенді, тіпті ол күнді өзі көрмесе де», дейді Заулаки Байтұрсынұлы туралы. Қазір ол Сан-Диего университетінде сабақ береді. Келесі жоспары Міржақып Дулатұлының «Бақытсыз Жамал» романын аудару.

Дереккөздер: 24KZ — аудармашы және «Масаның» ағылшынша басылымы туралы, Bookshop.org — Mosquito кітабының парағы