
Node.js авторы Райан Дал командасымен Cloudflare-ге көшті
Deno Deploy бұлттық сервисі жарты жылдан кейін жабылады, ал Deno рантаймы соңғы түзетулерді бір жыл бойы алып тұрады.
Фото: Deno
Deno командасы толық құрамымен Cloudflare-ге ауысады. Бұл туралы 9 қазанда Deno-ның негізін қалаушылардың бірі, Node.js платформасын жасаған Райан Дал хабарлады. Әзірлеушілер енді Cloudflare Workers сервисімен айналысады, ал Deno-ның өз өнімдері біртіндеп жабылады. Мәміленің сомасы мен шарттарын тараптар ашпады.
Deno — JavaScript пен TypeScript тілдеріндегі бағдарламаларды браузерден тыс іске қосатын орта. Дал оны 2018 жылы бастады. Мақсаты — Node.js-тегі өзі қате деп санаған тұстарды түзеу еді, яғни әлсіз қорғаныс пен тәуелділіктермен ыңғайсыз жұмыс. Стартап екі раундта шамамен $26 млн тартқан.
Не жабылады
Deno Deploy бұлттық хостингі тағы алты ай жұмыс істеп, кейін өшіріледі. Ақылы клиенттерге жобаларын Cloudflare Workers-ке көшіруге көмектеседі. Deno рантаймының өзі бір жыл бойы ай сайын қателер мен осалдықтарды түзейтін жаңарту алады. Одан кейін әзірлеу тоқтайды.
Deno коды MIT лицензиясымен ашық күйде қалады, ал Дал жобаны жалғастыруды қауымдастыққа ұсынды. «Оның әрі қарай қалай өмір сүретінін қауымдастық шешеді», — деді ол The New Stack басылымына. JSR пакеттер тізілімі жұмысын жалғастырады, бірақ оның инфрақұрылымы Cloudflare-ге көшеді.
Cloudflare-ге не үшін керек
Deno Deploy Cloudflare Workers-пен тікелей бәсекелес еді. Workers — әзірлеушілер серверді жалға алмай, баптамай-ақ қосымшаларын іске қосатын сервис. Тамыз айында Deno ашық Celld жобасын шығарды. Ол Workers пен Durable Objects моделін өз серверіңізде қайталауға мүмкіндік береді.
Енді Celld Cloudflare-дің workerd деп аталатын ашық қозғалтқышымен біріктіріледі. Жобаны Дал мен Deno-ның екінші негізін қалаушы Берт Белдер басқарады. Ол Apache 2.0 лицензиясымен ашық қалуы ықтимал. Команданың мақсаты — Workers-ті өз серверінде іске қосуды барынша жеңілдету.
Cloudflare-дің жетекші инженері Кентон Варда компания мұны бұрыннан қалағанын, бірақ адам жетпегенін мойындады. «Модель тек бізде болса, нарығымыз тарылады», — деп түсіндірді ол. Дал да осы ойды қолдады: «Бұл жерде тек ашық нұсқа ұтады деп есептейміз».
Deno-мен жұмыс істегендерге бір жыл ішінде көшуге тура келеді. Жобаның көп идеясы Node.js-ке әлдеқашан енген: TypeScript-ті кірістірілген қолдау, рұқсаттарды бақылау және веб-стандарттар. Bun рантаймы да осыған ұқсас жолдан өтті. Оны 2025 жылғы желтоқсанда Anthropic сатып алды, алайда әзірлеуін жалғастырды.
Дереккөздер: Deno — Cloudflare-ге көшу туралы хабарлама, Cloudflare — Кентон Варда мен Райан Далдың ортақ жазбасы, The New Stack — мәміле егжей-тегжейі мен пікірлер



