К содержанию
Ақылды. Пайдалы. Кейде байыпсыз.
Францияда Ренуар суреттерін ұрлады деп бес адам ұсталды
Мәдениет

Францияда Ренуар суреттерін ұрлады деп бес адам ұсталды

Ұрылар жақтауларды электр арамен кесіп алған, ал полициядан қашқанда екі картинаны бақшаға тастап кеткен.

Фото: AP

Франция полициясы Кань-сюр-Мердегі Ренуар мұражайынан картиналар ұрланған іс бойынша кемінде бес адамды ұстады. Бұл туралы 9 қазанда Euronews хабарлады. Ұсталғандардың арасында ұрлыққа күдікті екі адам бар деген дерек бар. Ұрланған төрт туындының екеуі әлі табылған жоқ.

Ұсталғандар туралы алғаш Nice-Matin газеті жазды. Басылымның мәліметінше, күдіктілер ұйымдасқан қылмыстық топпен байланысты болуы мүмкін. Ұрланған дүниелердің жалпы құны алғашында 9 млн еуроға дейін бағаланған.

Ұрлық 8 қыркүйекте таң атар кезде болды. Кань-сюр-Мер мэрі Брайан Массонның айтуынша, қылмыскерлер алдын ала жақсы дайындалған. Олар қоршауды кесіп, бірінші қабаттағы терезені сындырған. Содан кейін электр арамен жақтаулардың бекіткіштерін кесіп алған. Дабыл іске қосылды, ал ұрыларды қаладағы бейнебақылау камералары түсіріп алды.

Полициядан қашқан ұрылар екі картинаны мұражай бақшасына тастап кетті. Ал 1910 жылғы «Мадам Колонна Романоның портреті» мен 1886 жылғы «Құдық басындағы қыз» әлі ізделуде.

Мұражай Канн мен Ниццаның арасындағы Көгілдір жағалауда орналасқан. Пьер Огюст Ренуар 1919 жылы қайтыс болғанға дейін осы үйде тұрған. Мұражай 1960 жылы ашылды. Тергеу жалғасып жатыр, жоғалған екі картинаның тағдыры әзірге белгісіз.

Дереккөздер: Euronews — Ренуар мұражайынан ұрлық жасалған іс бойынша ұсталғандар