
Қазақстандық автор ЖИ кинофестивалінде жүлде алды
Қазақстан байқауға 829 фильм жіберіп, өтінім саны бойынша тек АҚШ-тан кейін тұрды.
Фото: El.kz
Қазақстандық автор Мырзахан Жұмахан алғашқы Astana AI Film Festival-да үздік кейіпкер үшін берілетін марапатқа ие болды. Оның It Was Just a Joke комедиясы жасанды интеллектпен түсірілген 8067 фильмнің ішінен іріктелген 25 финалистің қатарына енді. Жеңімпаздар 3 қазанда Астанада жарияланды, ал Гран-при мен $450 000-ды латвиялық режиссёр Николай Шестак алды.
Жұмаханның фильмі ит пен оның иесінің ағасы туралы. Екеуі бір әзілдің кесірінен ұрсысып қалады. Автор ашық байқауда марапатталды. Онда қазылар алқасы бес жүлде берді: кейіпкер, режиссура, визуалды шешім, оқиға және концепция үшін. Фестиваль ережесі бойынша әр номинацияның жүлдесі $50 000.
«Мұнда дарынды, ерекше адамдар өте көп. Барлық қатысушы өз жұмысына орасан еңбек сіңірді», — деді автор салтанатты рәсімнен кейін.
Басты ақшаны кім алды
Негізгі, тақырыптық байқау «Өмір сүруге тұрарлық болашақ» ұранымен өтті. Онда үш ірі жүлде табысталды:
- Гран-при, $450 000 — Николай Шестак (Латвия), The First Honest Day;
- екінші орын, $200 000 — Абхик Банерджи (Үндістан), SITARA;
- үшінші орын, $100 000 — Эрнест Десумбила (Испания), Looking For Perseida.
Жұмыстарды халықаралық қазылар алқасы бағалады. Оның құрамында ЮНЕСКО-ның бұрынғы бас директоры, Францияның бұрынғы мәдениет министрі Одре Азуле, Coinbase компаниясының бұрынғы техникалық директоры Баладжи Шринивасан, China Film Studio өкілі Ма Пин, Бейжің киноакадемиясынан Ван Хао және BytePlus компаниясынан Ли Лун болды.
Фестивальдің ауқымы мен қаржысы
Фестиваль 1–3 қазан аралығында өтті. Өтінімдер 25 мамырдан 7 қыркүйекке дейін қабылданды. Осы уақытта 125 елден 8000-нан астам автор 80 000 минуттан астам ЖИ-кино жіберді. Ең көп фильм АҚШ-тан келді, олардың саны 1396. Ал Қазақстан 829 жұмыспен екінші орынға шығып, Үндістан мен Қытайды басып озды.
Жалпы қор $2 млн болды. Оның жартысы жүлдеге жұмсалды, қалған жартысын ұйымдастырушылар болашағы зор ЖИ-жобаларға салым жасайтын өндірістік қорға бағыттайды. Бас демеушілер — Freedom және Network School. ANI мәліметінше, ашылу рәсіміне Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан.
Бұл күзде қазақ киносы халықаралық алаңға тағы бір рет шығып отыр: жақында ел екі фильм мен қазылар алқасының мүшесін Пусан фестиваліне апаратыны белгілі болды.
Дереккөздер: El.kz — Мырзахан Жұмаханның марапаты, ANI — Astana AI Film Festival қорытындысы, AAIFF — фестиваль ережесі, жүлделер мен қазылар алқасы


