
SUSE қызметкерлердің 10%-ын қысқартып, себебін ЖИ-ден көрді
Қысқартуға ілінгендерге 4 қарашаға дейін хабарлайды, ал 2027 қаржы жылына арналған жаңа стратегияны қалғандарға 16 қарашада көрсетеді.
Фото: The Register
Linux дистрибутивтерін жасайтын SUSE компаниясы әлем бойынша қызметкерлерінің шамамен 10%-ын жұмыстан шығарады. Бас директор Дирк-Петер ван Леувен қызметкерлерге жазған хатында мұны автоматтандыру мен ЖИ әсерімен түсіндірді. Бұл туралы 2 қарашада The Register эксклюзивті түрде хабарлады. Басылымның дерегінше, компанияда шамамен 1900 адам жұмыс істейді.
«Автоматтандыру мен ЖИ бағдарламалық жасақтама компанияларының жұмыс тәсілін түбегейлі өзгертіп жатыр», деп жазды ван Леувен. Оның айтуынша, заманауи құралдар күнделікті жұмысты қазірдің өзінде өзгертті, ал кей лауазымдарға қажеттілік едәуір азайды. Нақты қай қызметтер қауіп астында екенін ол айтпады.
Әрі қарай не болады
Қысқартуға ілінгендерге 4 қарашаға дейін хабарлайды. Қызметкерлер өкілдерін 5 қарашада ұсынады, ал жеке кездесулер келесі аптада басталады. Қалғандары компанияның 2027 қаржы жылына арналған стратегиясын 16 қарашада көреді.
Бұл шешім күтпеген жаңалық емес. Қыркүйекте SUSE ұзақ жұмыс істеген қызметкерлерге өз еркімен кетуді ұсынған. The Register жазғандай, чехиялық қызметкерлердің бір бөлігі кәсіподаққа кірді.
Компания кімге тиесілі
SUSE швед инвестициялық қоры EQT-ге тиесілі, ол компанияны 2018 жылы $2,5 млрд-қа сатып алған. 2026 жылғы наурызда Reuters EQT оны шамамен $6 млрд-қа сатуды қарастырып жатқанын хабарлаған. Сондықтан шығынды азайту мәміле алдында қаржылық көрсеткіштерді жақсартуы мүмкін, бірақ компания мұндай байланысты растамаған.
Ван Леувен SUSE-ні 2023 жылғы наурыздан бері басқарады. Бұған дейін ол Red Hat-та жұмыс істеген. Сату мерзімі мен жұмыстан шығатындардың нақты санын компания атамады.
Дереккөздер: The Register — SUSE-дегі қысқарту туралы



