К содержанию
Ақылды. Пайдалы. Кейде байыпсыз.
ФБР: Binance-ті бұзып, $6 млрд ұрлаған — КХДР

ФБР: Binance-ті бұзып, $6 млрд ұрлаған — КХДР

Binance қаражат шығарудың алғашқы кезеңіне биткоин мен USDT-дан бастап DOGE мен SUI-ге дейін 15 активті қосты, қалған желілер дайын болған сайын ашылады.

Фото: Binance

ФБР Binance криптобиржасынан $6 млрд-тан астам қаражатты Солтүстік Корея ұрлады деп ресми мәлімдеді. 29 қазандағы шабуылды бюро TraderTraitor деп атайтын хакерлер тобы жасаған. Ал 1 қарашада Binance клиенттерге ақша шығаруды қайта аша бастады: биржа шығынның дерлік бәрін өз қаражатымен жапты.

ФБР мәлімдемесі 31 қазанда шықты, оған АҚШ Құпия қызметі мен IRS салық тергеу басқармасы да қол қойды. Бюро дерегінше, солтүстіккореялық хакерлер ұрланған қаражатты негізінен эфирге айналдырып жатыр. Кейін оны DeFi сервистері мен лезде айырбастайтын алмастырғыштар арқылы жылыстатуы мүмкін. ФБР Ethereum желісіндегі жүздеген мекенжайды, 19 биткоин мекенжайын және Solana-дағы бір мекенжайды жариялады. Желі түйіндерінің операторларынан, алмастырғыштардан және талдау компанияларынан осы әмияндарға байланысты кез келген транзакцияны бұғаттау сұралды.

ФБР TraderTraitor тобын 2025 жылғы ақпанда Bybit биржасынан шамамен $1,5 млрд ұрлады деп те айыптаған. Elliptic сарапшылары Binance шығынын $6,43 млрд деп бағалайды. Олардың айтуынша, осы бір бұзу Пхеньян режимінің бұған дейінгі жылдары ұрлаған криптовалютасын дерлік екі есе көбейтеді.

Binance шығынды қалай жабады

Биржа өтемақыға өз қаражатынан $6,34 млрд-тан астам ақша бөлді. Ол пайдаланушыларды сақтандыратын SAFU қорынан, фьючерстер сақтандыру қорынан және компания қазынасынан алынды. Binance хакерлер ұрлаған токендерді нарықта және биржадан тыс мәмілелер арқылы қайта сатып алып жатыр. 1 қарашаға қарай компания шығынның шамамен 95%-ын толтырды. Қалғаны алғашқы ондыққа кірмейтін токендер: олардың айналымы аз, сондықтан қажетті көлемді сатып алуға көп уақыт кетеді.

«Пайдаланушылардың қаражаты қауіпсіз. Ұрлықтың қаржылық соққысын пайдаланушылар емес, Binance көтереді», делінген биржаның 1 қарашадағы хабарламасында. Binance-тің екі бас директорының бірі Ричард Тенг шабуылды күрделі деп атады. Оның сөзінше, хакерлер бұзылған ноутбукты және ізді жоятын зиянды бағдарламаны пайдаланған. Ұрланған қаражаттың шамамен $3 млрд-ын биржа серіктестерімен бірге тауып, бұғаттауға тырысып жатыр.

Ақша шығару қашан ашылады

Ақша шығарудың алғашқы кезеңі 1 қарашада UTC бойынша 06:00 мен 09:00 аралығында, яғни Астана уақытымен 11:00 мен 14:00 аралығында ашылды. Оған 15 актив кірді: BTC, ETH, USDT, USDC, BNB, TRX, SOL, XRP, ZEC, DOGE, GRAM, POL, AVAX, ARB және SUI. Биржа ретті соңғы аптадағы клиенттер сұранысына қарап таңдады. Қалған желілер мен токендер кейін қосылады, бірақ Binance мерзімін айтпады. Шотты толтыру осы уақыт бойы жұмыс істеп тұрды.

Биржа дерегінше, BTC, ETH, USDT, BNB, SOL, USDC, XRP, USD1, RLUSD және ZEC балансы 100% қамтамасыз етілген. Binance 3 қарашаға, сейсенбіге дейін резервтерінің криптографиялық тексерісі бар толық дәлелін жариялауға уәде берді. Тергеу аяқталған соң инцидент туралы толық есеп шығарады.

Binance-те 335 млн тіркелген пайдаланушы бар. Қазақстандағы клиенттер туралы биржа бөлек ештеңе айтқан жоқ. Бұзудың өзі және биржаның алғашқы қадамдары туралы $6,3 млрд ұрлық жайлы жаңалықта жаздық, ал компания негізін қалаушының тарихын Чанпэн Чжао досьесінен оқуға болады.

Дереккөздер: The Next Web — ФБР КХДР-дың қатысы туралы, Binance — ақша шығаруды қайта ашу кестесі, Business Standard — шығынды өтеу және қаражатты бұғаттау