К содержанию
Ақылды. Пайдалы. Кейде байыпсыз.
Louis Vuitton ауа райына арналған SS27 коллекциясын көрсетті

Louis Vuitton ауа райына арналған SS27 коллекциясын көрсетті

Былғары худилер мен Keepall сөмкелері сұр трикотаж секілді басылған, ал LV Trainer кроссовкаларындағы «балшық» дақтары резеңке шашыратумен жасалған.

Фото: Louis Vuitton

Louis Vuitton 2027 жылғы көктем-жаз маусымына арналған ерлер алдын ала коллекциясын таныстырды. Оны ерлер желісінің креативті директоры Фаррелл Уильямс әзірледі. Коллекцияның тақырыбы — «Whatever the Weather», яғни «Ауа райы қандай болса да». Мұнда бір аптада бірнеше климатты аралайтын саяхатшыға арналған жаңбыр плащтары, пуховиктер мен етіктер бар.

Алдын ала коллекцияны сән үйі негізгі көрсетілімдердің арасында шығарады. Подиумдағы коллекцияларға қарағанда, онда күнде киюге ыңғайлы заттар көбірек болады. Louis Vuitton лукбугында 50 образ бар.

1980 жылдардың жұмыс киімі және алдамшы заттар

Басты мотив — тозған Monogram Reporter канвасы. Уильямс 1980 жылдардың жұмыс киімін негізге алды. Қапталған канваға қоңыр замша мен былғары қондырмалар қосылды. Бұл материалдан көк нейлон пуховиктер, екі жағынан киетін қызғылт сары жилеттер және лазермен өңделген деним жиынтықтары тігілді.

Louis Vuitton SS27 алдын ала коллекциясының лукбугынан образ
Сурет: Louis Vuitton

Жаңбырға арналған киімді сән үйі қымбат материалдарға көшірді. Коллекцияда жылтыр бұзау терісінен тігілген балықшы плащтары, шағын монограммалы жаккард пуховик, белбеулі костюмдер бар. Ал флис бомберлер өзінің кеуде қалтасына жиналып сыяды.

Коллекцияның екінші желісі — trompe l’oeil, яғни көзді алдайтын заттар. Былғарыға арнайы әдіспен сұр спорттық трикотаж бейнесі басылған. Худилер, Keepall 50 және Speedy 30 сөмкелері, Track рюкзактары осылай жасалды. Күміс түсті жабыны бар джинсы күрте жаңбырдан су болып қалғандай көрінеді, ал кашемир костюмдер деним секілді тоқылған. Джинсы күртелерде, LV Trainer кроссовкаларында және LV Ranger етіктерінде балшық шашырандысын резеңке шашырату бейнелейді.

Louis Vuitton SS27 алдын ала коллекциясының лукбугынан образ
Сурет: Louis Vuitton

Сөмкелер мен аяқ киім

  • Коньяк түсті замша негізіндегі оңған көк және сары Monogram Reporter канвасынан жасалған сөмкелер.
  • 3D-принтерде басылған жылтыр жаңбыр тамшылары бар Keepall 35.
  • Қолшатыр пішініндегі Monogram канвасынан жасалған сөмке.
  • Ішіне үлпілдек мохер мен тор салынған LV Drop 300 жүгіруге арналған кроссовкалары.
  • LV Titled кроссовкалары.
  • Қара замша, резеңке және рипстоптан жасалған жеңіл LV Ranger етіктері.

Louis Vuitton бағасы мен сатылым басталатын күнді әзірге атаған жоқ. Қазақстанда сатылатыны туралы бренд хабарламады.

Уильямс Louis Vuitton ерлер желісін 2023 жылдан бері басқарады. Сән үйіндегі жұмысынан бөлек, оның жапондық Human Made маркасында үлесі бар. Бұл туралы Фаррелл Уильямстың байлығы туралы шолуда жаздық.

Дереккөздер: Hypebeast — Louis Vuitton SS27 ерлер алдын ала коллекциясы