
Air Astana ұшақтарында спутниктік Wi-Fi пайда болды
2027 жылғы 31 қаңтарға дейін борттағы интернет барлығына тегін, ал ақпаннан бастап тек бизнес-класс пен Nomad Club-тың Gold және Diamond мүшелеріне тегін қалады.
Фото: Profit.kz
Air Astana Airbus A321LR ұшақтарына жоғары жылдамдықты спутниктік Wi-Fi орната бастады. Борттағы интернеті бар алғашқы рейс 29 қазанда Алматы — Ташкент бағытында ұшты, деп хабарлады Profit.kz. 2027 жылғы 31 қаңтарға дейін интернет барлық жолаушыға тегін.
Спутниктік байланысты халықаралық SES операторы қамтамасыз етеді. Жабдықты алғаш EI-KGB борттық нөмірлі A321LR алды. Осы үлгідегі қалған ұшақтар 2027 жыл бойы кезең-кезеңімен жабдықталады. Орнату жұмысын Air Astana-ның өз инженерлері компанияның техникалық базасында жүргізеді.
Промокезең аяқталған соң ереже өзгереді. 2027 жылғы 1 ақпаннан бастап тегін Wi-Fi бизнес-класс жолаушыларына және Nomad Club адалдық бағдарламасының Gold пен Diamond мәртебелі мүшелеріне ғана қалады. Nomad Club-тың кез келген деңгейіндегі мүшелер мессенджерлерді тегін қолдана алады. Ал қалған жолаушыларға ақылы интернет-пакеттер ұсынылады.
Пакеттердің бағасын және интернет жылдамдығын Air Astana әзірге айтқан жоқ. Wi-Fi бар ұшақтар алдымен қай бағыттарға шығатыны да белгісіз.
Жобаны Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Көлік министрлігі қолдап отыр. Әзірге интернет бір ұшақта ғана бар. Сондықтан алдағы айларда Wi-Fi бар рейске түсу — сәттілік ісі.
Дереккөздер: Profit.kz — Air Astana борттық Wi-Fi іске қосты



