
GM жүргізу деректерін сатқаны үшін $220 млн төлейді
OnStar қосымшасы 370 мыңнан астам жүргізушіге бағдарламаға қатыспайсыз деп хабарлаған, ал олардың деректері жинала берген.
Фото: GM
General Motors АҚШ-тың 35 штаты мен Колумбия округі берген талапты реттеу үшін $220 млн төлейді. Бас прокурорлар автоконцернді жүргізушілердің сапарлары туралы деректерді олардың келісімінсіз жылдар бойы сатты деп айыптады. Бұл деректер брокерлер арқылы сақтандыру компанияларына жеткен. Ал олар адамдардың сақтандыру тарифін көтерген. Келісім 29 қазанда жарияланды.
Әңгіме GM қосымшаларында жұмыс істеген Smart Driver бағдарламасы туралы. Ол OnStar сервисімен байланысты болған. 2016–2024 жылдары бағдарламаға миллиондаған жүргізуші тіркелді. Бағдарлама адамның көлікті қанша рет жүргізгенін, сапарды қашан бастап, қашан аяқтағанын тіркеп отырды. Сондай-ақ кенет тежеу мен кенет үдеу санын және жылдамдықты асырған-асырмағанын жазып алды.
TechCrunch мәліметінше, деректерді LexisNexis пен Verisk брокерлері сатып алған. Ал жүргізушілерге нақты келісімсіз ақпарат сақтандырушыларға берілмейді деп уәде етілген. Smart Driver-ге OnStar-ды қосқанда бір қадаммен тіркелуге болатын. Прокурорлардың айтуынша, дилерлік орталық қызметкерлері бұл үшін бонус алған. Кейде олар шарттарды клиенттің орнына өздері қабылдап жіберген.
Тағы бір эпизод OnStar қосымшасындағы қатеге қатысты. Қосымша 370 мыңнан астам жүргізушіге бағдарламаға қатыспайсыз деп хабарлаған, ал шын мәнінде олар тіркеулі болған. Кейін GM оларды ескертусіз бағдарламадан шығарды. Алайда жиналған деректер брокерлер мен сақтандырушыларда қала берді.
Не өзгереді
Енді GM жүргізу және орналасқан жер туралы деректерді жинамас немесе бермес бұрын нақты келісім алуы керек. Компания жинайтын дерек көлемін шектеп, жеке ақпаратты қорғау бағдарламасын енгізеді. Оның жұмысын ішкі және сыртқы аудиторлар тексеріп отырады. Дилерлер оқудан өтіп, бақылауға алынады. Яғни клиенттерді олардың білмеуінше ешбір бағдарламаға тіркемеуі тиіс.
Талапты Вашингтон мен Орегон штаттары басқарды. Жалпы соманың $12,3 млн-ын Вашингтон, $5,9 млн-ын Аризона алады. «Жүргізушілерді олардың білмеуінше бақылауға қосқан», — деді Аризонаның бас прокуроры Крис Мейс. Вашингтон штатының бас прокуроры Ник Браун тұрғындардың деректерін «жеке әрі құнды» деп атады.
GM Smart Driver-ді 2024 жылы, The New York Times тергеуінен кейін жапқанын еске салды. Компания енді нақты адаммен, оның орналасқан жерімен немесе жүргізу мәнерімен байланыстыруға болатын мәліметтерді сатпауға уәде берді. Ал иесі анықталмайтын деректерді серіктестерге бере алады.
Бұл GM-нің осы оқиға бойынша үшінші келісімі. Мамырда концерн Калифорниямен жеке келісім бойынша $12,75 млн төледі. Ал қаңтарда АҚШ-тың Федералдық сауда комиссиясы GM мен OnStar-ға клиенттер туралы деректердің бір бөлігін үшінші тараптарға беруге бес жылға тыйым салды. Жақында концерн Нью-Йорк биржасынан Nasdaq-қа көшуді де шешкен.
Дереккөздер: Вашингтон штатының бас прокуратурасы — келісім шарттары, Аризона бас прокуратурасы — Крис Мейстің мәлімдемесі, TechCrunch — деректерді сатып алушылар және GM жауабы, Engadget — Калифорния және FTC-мен бұрынғы келісімдер



