
Microsoft акциялары 4%-ға өсті, Alphabet 9%-ға құлады
Alphabet тоқсан ішінде дата-орталықтар мен жабдыққа $51,4 млрд жұмсады, сондықтан оның еркін ақша ағыны $9,1 млрд-қа минусқа кетті.
Фото: Brian Smale / Microsoft, Wikimedia Commons
28 қазанда биржа жабылғаннан кейінгі саудада Microsoft акциялары шамамен 4%-ға қымбаттады, ал Alphabet қағаздары 9%-дан астам арзандады. Екі компания да шілде–қыркүйек айларының қорытындысын жариялады. Microsoft түсім мен бұлт бойынша талдаушылардың күткенінен асып түсті. Ал Alphabet, SiliconANGLE дерегінше, соңғы төрт жылға жуық уақытта алғаш рет түсім бойынша да, пайда бойынша да болжамға жетпеді.
Microsoft
Microsoft-тың тоқсандық түсімі 19%-ға өсіп, $92,3 млрд болды. Талдаушылар $90,7 млрд күткен еді. Түзетілген бір акцияға шаққандағы пайда $4,89 болды, болжам $4,73 еді. GAAP бойынша таза пайда 32%-ға артып, $36,6 млрд-қа жетті.
Azure бұлттық платформасы $33,2 млрд әкеліп, 48%-ға өсті. Компания Azure түсімін долларда алғаш рет жариялады. Корпоративтік клиенттермен келісімшартқа отырған, бірақ әлі алынбаған түсім көлемі 73%-ға өсіп, $677 млрд болды.
Келесі тоқсанда Microsoft $96–97,1 млрд түсім күтеді, ал нарық $95,6 млрд-қа сенген еді. Қаржы директоры Эми Худтың айтуынша, сұраныс әлі де ұсыныстан көп. Жабдық пен құрылысқа кеткен шығын тоқсанда екі есе өсіп, $39,4 млрд болды. SiliconANGLE есебінше, қаржылық жалдауды қосқанда бұл сома $45,2 млрд-қа жетті.
Alphabet
Alphabet түсімі 25%-ға өсіп, $127,6 млрд болды, ал күтілген көрсеткіш $128,2 млрд еді. Google іздеуі $63,4 млрд әкелді. Бұл бір жыл бұрынғыдан 12%-ға көп, бірақ $65 млрд-тық болжамнан аз. Google Cloud түсімін екі есе арттырып, $30,7 млрд-қа жеткізді. Оның операциялық пайдасы $3,6 млрд-тан $11,1 млрд-қа өсті.

GAAP бойынша бір акцияға шаққандағы пайда $2,87-ден $2,12-ге төмендеді. Оған басқа компанияларға салған инвестициядан келген шығын әсер етті: салыққа дейін $8,7 млрд, салықтан кейін $6,7 млрд. SiliconANGLE дерегінше, түзетілген пайда бір акцияға $2,67 болды, ал болжам $3,02 еді.
Alphabet-тің тоқсандық күрделі шығындары $24 млрд-тан $51,4 млрд-қа өсті. Сондықтан еркін ақша ағыны теріс болып, минус $9,1 млрд-қа түсті. Google және Alphabet бас директоры Сундар Пичаи компанияның жылдық түсімі жарты триллион долларға жақындағанын айтты. Ал Gemini қосымшасы миллиард пайдаланушы жинады.
SiliconANGLE дерегінше, Google Cloud басшысы Томас Куриан инвесторлармен тоқсандық қоңырауда алғаш рет сөз сөйледі. Сатья Наделла басқаратын Microsoft-ты нарық Azure өсімі үшін марапаттады. Ал Alphabet ЖИ саласындағы қымбат жарыс үшін жазаланды: SiliconANGLE мәліметінше, компания 2026 жылғы күрделі шығын болжамын $195–205 млрд деңгейінде сақтады.
Дереккөздер: Microsoft — 2027 қаржы жылының бірінші тоқсанындағы есебі, Alphabet — 2026 жылғы үшінші тоқсандағы есебі, SiliconANGLE — нарықтың Microsoft есебіне реакциясы, SiliconANGLE — Alphabet акцияларының құлдырауы



