
Нил Янг Трампты сотқа беріп, 10 млн доллар талап етті
Осы ән үшін 2020 жылғы дау Трамп штабы оны лицензиясыз қоймауға уәде бергеннен кейін тоқтаған еді.
Фото: Getty Images
Нил Янг Rockin’ in the Free World әні үшін Trump 47 комитетіне қарсы талап арыз берді. Музыкант 10 млн доллар өтемақы сұрап отыр. Сондай-ақ комитеттің оның музыкасын бұдан былай пайдалануына тыйым салуды талап етеді. Арыз 26 қазанда Вирджиния штатының Шығыс округі бойынша федералдық сотқа түсті.
Дауға 12 қазанда Огайо штатының Янгстаун қаласында өткен митинг себеп болды. Талапкердің айтуынша, Дональд Трамп сахнаға шығар алдында ән лицензиясыз қойылған. Яғни іс авторлық құқықты бұзуға қатысты. Шағымда былай жазылған: «Қысқасы, бұл ән Дональд Трамп жақтайтын нәрсенің бәріне қарама-қайшы».
Дау он жылдан бері жалғасып келеді. Трамп Rockin’ in the Free World әнін алғаш рет 2015 жылғы маусымда Trump Tower ғимаратында сайлауға түсетінін жариялағанда пайдаланған. Сол кезде штаб әнді енді қоймаймыз деп уәде берді. 2020 жылы Янг осы ән мен Devil’s Sidewalk үшін Трамптың сайлау науқанын сотқа берген. Жаңа шағымға сенсек, ол іс штаб Rockin’ in the Free World әнін лицензиясыз қолданбауға уәде бергеннен кейін жабылған.
Янг үшін бұл ән әлдеқашан саяси мәлімдемеге айналған. Қыркүйекте Уилли Нельсонмен бірге өткен концертте ол сетін осы әнмен «Take America Back!» деген ұранмен аяқтады. Қазанда Power to the People фестивалінде оны Брюс Спрингстин, Дэйв Грол және Том Морелло орындады.
Сот тыңдау күнін әлі белгілеген жоқ. Әдетте жауапкерге арызды алған соң жауап беруге 21 күн беріледі. Trump 47 комитеті әзірге пікір білдірмеді.
Дереккөздер: Consequence — Нил Янгтың Трамп комитетіне қарсы арызы



