
IFC Қазақстанда $3 млрд-тық жобаларды пысықтайды
Корпорация қаржының шамамен 60%-ын жеке инвесторлардан тартпақ, қалған 40%-ын өзі салады.
Фото: Kursiv
Дүниежүзілік банк тобына кіретін Халықаралық қаржы корпорациясы (IFC) 2026–2031 жылдары Қазақстанда шамамен $3 млрд-тық жобаларды пысықтамақ. Бұл туралы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі 21 қазандағы кездесуден кейін хабарлады.
IFC қаржының шамамен 60%-ын жеке инвесторлардан тартуды көздейді. Ал қалған 40%-ын корпорация өз қаражатынан салады. Жоспарды Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиев пен IFC-тің Таяу Шығыс және Орталық Азия жөніндегі өңірлік вице-президенті Имад Фахури талқылады.
Кездесуде көлік инфрақұрылымы, су шаруашылығы және мемлекеттік-жекешелік әріптестік сөз болды. Нақты жобалар мен олардың алушылары әзірге аталған жоқ.
Жаңа пакет IFC-тің елге отыз жылда салғанының бәрімен шамалас. Корпорация 1993 жылдан бері Қазақстандағы жеке сектордың 115 жобасына $2,9 млрд-тан астам инвестиция салған.
МЖӘ жобаларын дайындау басталып та кетті. 16 қазанда Ұлттық экономика министрлігі мен Дүниежүзілік банк тобы JERP бағдарламасы аясында осындай жобалар бойынша консультациялық келісімге қол қойды.
Дереккөздер: Kursiv — IFC-тің Қазақстандағы жоспарлары туралы


