К содержанию
Ақылды. Пайдалы. Кейде байыпсыз.
Meta Muse чаттарын сілтемемен бөлісуді тоқтатты
ЖИ

Meta Muse чаттарын сілтемемен бөлісуді тоқтатты

Дауға қарамастан, Muse-ты алғашқы 40 күнде АҚШ-та 10,2 млн рет жүктеп алды, бұл ChatGPT-дің сол мерзімдегі көрсеткішінен үш есеге жуық көп.

Фото: Meta

Meta Muse ЖИ агентімен жазысқан чатты сілтеме арқылы бөлісу функциясын тоқтата тұрды. Оған Claroc компаниясының зерттеуі себеп болды. Компания мамандары мұндай 6800-ден астам сілтеме тауып, олардың бір бөлігін ашқан. Ортақ чаттарда іскерлік кездесулер, банк шоттары мен несиелер туралы мәлімет жатқан.

Meta Muse-ты 8 қыркүйекте іске қосты. Агент пайдаланушы үшін сатып алу жасай алады, хат жібереді, сапар жоспарлайды. Ортақ чат аккаунтқа кірмей-ақ сілтеме арқылы ашылатын, бұл әдейі солай жасалған. Мәселе мекенжайда болды. Muse оны чат тақырыбынан құрастырған, ал мекенжай жалпыға ашық DNS жүйесіне түсіп отырған. Сондықтан ортақ чаттарды сұралған мекенжайлар тарихын сақтайтын пассивті DNS сервистері арқылы табуға болатын. «Пассивті DNS бойынша бір іздеу мұндай мыңдаған чатты мазмұн бетіндей атауымен шығарып береді», — деп жазады зерттеушілер.

Claroc бар болғаны бірнеше жүз чатты ашқан. Олардың көбі зиянсыз болып шықты, бірақ арасында мыналар табылды:

  • үміткердің ЖИ зертханасымен сұхбатқа дайындығы, ішкі байланыс адамының аты мен кездесу уақыты;
  • маркетинг компаниясының бас директорына арналған ішкі түсім шолуы;
  • шағын бизнестің несие өтінімі мен оның сомасы;
  • банктің алаяқтық туралы ескертуі, шот нөмірінің бір бөлігі мен операция сомасы;
  • инвестордың жылжымайтын мүлік мекенжайлары, табысы мен ипотекасы жазылған есебі;
  • компания қызметкерлерінің бір жылдық демалыс кестесі.

Claroc мәселе туралы Meta-ның осалдық іздеу бағдарламасына 8 қазанда хабарлап, есебін 18 қазанда жариялады. Ars Technica жазғаннан кейін Meta мәлімдеме жасады: «Есепті зерттеп, мұндай сілтемелердің табылу жолын қалай өзгертуге болатынын ойластырғанша бұл функцияны тоқтата тұрдық».

Деректердің жылыстауы Muse танымалдығының шыңына тұс келді. Sensor Tower мәліметінше, алғашқы 40 күнде қосымшаны 10,9 млн рет жүктеп алған, оның 10,2 млн-ы АҚШ-та. Іске қосылғаннан кейін мұндай нәтижеге тек 11 қосымша жеткен, соңғысы 2023 жылғы шілдедегі Threads болды. 16 қазанда Muse-тың бір күндік белсенді пайдаланушылары алғаш рет 2,5 млн-ға жетті.

Әзірге Muse ресми түрде тек АҚШ пен Канадада жұмыс істейді, Қазақстанда ол қолжетімсіз. Бұл аптада Meta ЖИ агенттерінің алғашқы ақауы емес. Бір күн бұрын Meta-ның ЖИ агенті сатып алушыға сатушының үй мекенжайын айтып қойған.

Дереккөздер: Claroc — Muse ортақ чаттары туралы зерттеу, Engadget — Meta Muse чаттарын бөлісуді тоқтатты, TechCrunch — Muse АҚШ-та 10 млн рет жүктелді