К содержанию
Ақылды. Пайдалы. Кейде байыпсыз.
Шакира концерті Қырғызстанға $20 млн-нан астам әкелді
Мәдениет

Шакира концерті Қырғызстанға $20 млн-нан астам әкелді

Келесі жылы «Бішкек Аренада» 12–15 ірі шара өткізу көзделіп отыр, халықаралық ұйымдастырушылармен келіссөз басталып кеткен.

Фото: Kazinform

Шакираның 18 қазанда Бішкекте өткен концерті екі күнде Қырғызстан экономикасына 20 миллион доллардан астам қаражат әкелді. Бұл алдын ала бағаны Туризмді дамыту жөніндегі мемлекеттік агенттіктің директоры Эдуард Кубатов «Кабар» агенттігіне берген сұхбатында айтты. Шетелдік көрерменнің ең көбі Қазақстаннан келген.

Кубатовтың дерегінше, «Бішкек Аренадағы» шоуды 43–45 мыңдай адам тамашалады. Оның 25 мыңға жуығы 35 елден келген туристер. Ең көп жанкүйер Қазақстан, Өзбекстан, Түркия және Ресейден жетті. Ал қазақстандықтардың нақты санын агенттік атаған жоқ.

Әр шетелдік қонақ орта есеппен 900 долларға жуық жұмсаған. Бұған билет, қонақүй, көлік, логистика, кафе мен мейрамхана шығыны кіреді. Барлық көрсеткіш әзірге алдын ала есеп.

Шакира Орталық Азияда алғаш рет өнер көрсетті. Концерт оның Las Mujeres Ya No Lloran әлемдік гастролінің аясында өтті. Шоу алдында ұйымдастырушылар билетке жеңілдік жариялады, кейін оны алып тастап, зал толық сатылды деп хабарлады. Кештің өзі туралы Шакираның Бішкектегі концерті жайлы жазбамызда толық айттық.

Қырғызстан бұл табысты жалғастырғысы келеді. Кубатовтың сөзінше, келесі жылы «Бішкек Аренада» 12–15 ірі шара өткізу жоспарланған. Халықаралық ивент-компаниялармен келіссөз жүріп жатыр. Жоспар орындалса, Алматыдан бірнеше сағаттық жердегі Бішкек қазақстандық көрермен үшін әлем жұлдыздарының концертін көретін тағы бір алаңға айналады.

Дереккөздер: Kazinform — Шакира концертіне келген туристер саны туралы