
Spotify отбасылық жазылымды QR-кодпен тексере бастады
Тексеруден жеті күн ішінде өтпеген адам бір жыл бойы басқа Family және Duo тарифтеріне қосыла алмайды.
Фото: Ryan Haines / Android Authority
Spotify Premium Family тарифіне бақылауды күшейтті. Отбасылық жазылым қатысушыларына аккаунт иесінің телефонындағы QR-кодты сканерлеу талабы келе бастады. Мұны тек оның қасында тұрып істеуге болады. Яғни сервис адамдардың бір мекенжайда тұратынын іс жүзінде тексеріп отыр.
Android Authority хабарлауынша, 19 қазаннан бері Reddit пайдаланушылары жаңа тексеру туралы жаппай жазып жатыр. Сұрау көбіне жоспардағы басқа қатысушылардан бөлек жерде жүргендерге келеді. Тексеру қай елдерде қосылғанын Spotify нақтыламады. Компания басылымға пікір білдірмеді.

Тексеру қалай жүреді
Жазылым иесі мобильді қосымшадағы Premium басқару бөлімінен кодты ашады. Қатысушы оны өз телефонының камерасымен сканерлейді. Код бірнеше секунд сайын ауысып тұрады, сондықтан скриншот жарамайды. Тексеру тек мобильді қосымшаның соңғы нұсқасында жұмыс істейді.
Сканерлеуге хабарлама келген сәттен бастап жеті күн беріледі. Үлгермеген не өте алмаған адам жарнамасы бар тегін тарифке ауысады. Содан кейін 12 ай бойы ешбір басқа Family не Duo жоспарына қосыла алмайды, бірақ жеке жазылым рәсімдей алады. Ал бұрынғы отбасылық жоспарға қайту ережеде рұқсат етілген.
Айналып өту жолы да табылып қойды. Android Authority мәліметінше, пайдаланушылар экранды көрсету режимін қосып, кодты екінші құрылғыдан сканерлеп жүр.
Ескі күрес
Spotify «отбасылық» жазылымды бөгде адамдарға жабуға бірнеше жылдан бері тырысады. 2018 жылы сервис GPS арқылы тексеруді сынаған, ал 2019 жылы шарттарға мекенжайды мезгіл-мезгіл растауды енгізді. Ол кезде құпиялылыққа қатысты шағымдардан кейін қысымды азайтты. Қазір компания орналасқан жерді қадағаламайтынын, мекенжайды тек растау үшін тексеретінін айтады.
Қазақстанда Spotify-дың отбасылық тарифі айына $7,99 тұрады және алты аккаунтқа арналған, ал жеке жазылым — $4,99. Spotify ережесі бойынша отбасылық жоспардағы мекенжайды тек иесінің төлем картасы шығарылған елде ғана көрсетуге болады.
Дереккөздер: Android Authority — отбасылық жазылымды QR-кодпен тексеру туралы, Spotify — Premium Family мекенжайын тексеру ережесі, Spotify — Қазақстандағы Premium тарифтері



