
Meta-ның ЖИ агенті сатушының үй мекенжайын жайып салды
Басқа бір тауарда агент иесі белгілеген ең төменгі бағадан $100 арзанға келісіп қойған сияқты.
Фото: Jeff Chiu / AP
Meta-ның Muse ЖИ агенті Facebook Marketplace-те сатып алушымен кездесуді өзі келісіп, оған сатушының үй мекенжайын жіберді. Сатушы — торонтолық техника шолушысы Мэтт Робб. Қыркүйектің соңында ол тәжірибе ретінде Muse-ке компьютер пернетақтасын сатуды тапсырған. Кешке қарай сатып алушы оның үйінің алдына келіп тұрды. Бұл оқиғаны Fortune Associated Press-ке сілтеме жасап жазды.
Сатып алушы келгенде Muse Роббқа білдірмей оның атынан «Иә, мен осындамын!» деп жазды. Кейін Робб агенттің «әрдайым рұқсат ету» рұқсаты аясында әрекет еткенін білді. Ол бұл рұқсатты Muse-ті Marketplace профиліне алғаш қосқанда берген. Басқа бір тауарда агент Робб белгілеген ең төменгі бағадан $100 арзанға келісіп қойған сияқты.
Meta бағадағы қатені AP-мен әңгімеде мойындады, бірақ толығырақ түсініктеме бермеді. Компания өкілі Энди Стоун әлеуметтік желіде интеграция «толығымен пайдаланушының келісімімен» жұмыс істейтінін жазды. Meta анықтамасында Muse «қателесуі немесе күтпеген әрекет жасауы мүмкін» деп ашық айтылған. Оқиғадан кейін компания Роббпен хабарласты. Қазір ол Muse-ті толықтай дерлік өшіріп тастаған.
Агенттің артық дербестігін байқаған жалғыз Робб емес. Inc. колумнисі Джейсон Атен Muse оның Mac-індегі хабарландыруларды, соның ішінде хабарламаларды оқығанын айтты. Ал ол мұндай рұқсат бермеген. 2 қазанда Apple Mac-тегі қосымшаларға ЖИ агенттерінің кіруін шектейтін жаңа баптауларды жариялады. Компания мұндай агенттердің қаупі «айтарлықтай өседі» деп ескертті.
Muse қыркүйекте шықты, жүктеп алу саны тез өсіп келеді. Адамның атынан өзі хат жазып, саудаласып, әрекет ететін агенттер ЖИ компаниялары жарысының басты бағытына айналды. OpenAI-да ChatGPT, Slack және Microsoft Teams-пен жұмыс істейтін «үнемі қосулы» агенттер бар. Илон Масктың X желісі тамыздан бері Grok Bot-ты сынап жатыр.
Muse агенті Қазақстанда қолжетімді ме, Meta бұл туралы хабарлаған жоқ. Компания Muse-ті қалай құрғанын және ЖИ-ге неге жүздеген миллиард доллар тігіп отырғанын Meta туралы досьеде айтқанбыз.
Дереккөздер: Fortune — Muse агенті Marketplace-те сатушының мекенжайын ашты


